Мәдениет

“Жақсының аты өшпес”

 

Бұл – Марал Зейнел-Ғабиқызының 3-ші кітабы. Өмір жолын дәрігерлік қызметке арнағанымен, әке жолын жалғастыруды өзіне парыз санаған көрінеді. Бойындағы дарынын іске жарата білген жерлесіміз 2002 жылы “Қызылжарым”, 4 жылдан соң “Сырлы сезім” атты өлеңдер жинағын шығарған. Бұл жолғы еңбегін Марал Зейнел-Ғабиқызы әкесінің құрметіне арнап отыр.

Марал Зейнел-Ғабиқызы , ҚР Журналистер одағының мүшесі:
– 90 жылдық тойына әлі 3 жыл бар. Бірақ мен ертерек қимылдап биыл шығарып отырмын. Әкемнің еңбегі өсіп келе жатқан жастарға мәлім болса дедім.

Зейнел-Ғаби Иманбаевтың әдебиет әлеміндегі мұрасы мол. Шығармаларының бірқатары кітаптың 2-ші бөлімінде орын тауыпты. Тұсаукесер рәсіміне келген зиялы қауым дарынды жанның еңбегі жалғасын тапқанына ризашылық білдірді.

Әскер Әбілқайыр,  ҚР құрметті журналисі:
-Талант 1 пайыз, еңбек 99 пайыз дейді. Марал өзі дәрігер болса да әдебиетке, өнерге жақын. Ол біздің облыстағы жақсы шығармашылық адамы деуге болады.

Кітап не бары 250 данамен таралған екен. Оның алғысөзін жазған Қайролла Мұқанов тұсаукесер рәсімінде еңбектің қысқаша мазмұнын шолып өтті. Ал осы күні автордың қуанышымен бөліскен туған-туыс, құрбы-құрдастары мен әріптестері жазушыға шығармашылықтың шыңына жетуге тілектестік білдірді.  Марал Зейнел-Ғабиқызы келешекте әлі бірталай кітапты жарыққа шығаруды жоспарлап жүр.

 Кәусар Аяпбергенқызы