Спорт

Велошабандоздар жарысы

 

 

 

 

Байрақты дода бағдарламасы бойынша велосипедшілер “Достық” алаңы, Былғары зауыты кенті, Ойқала және ДСР  ауданына дейін белгіленген 100 км қашықтықты бағындыруы тиіс.

 Марат Әубәкіров, дене шынықтыру, спорт және  алғашқы әскери даярлық  аймақтық орталығы директорының орынбасары:
-Спартакиада жоспарына сәйкес жеткіншектер спорттың 46 түрінен күш сынасуда. Соның 44-ті өз мәресіне жетті. Барлық жарыстардан Алматы облысы алдыңғы қатарда деуге болады. Ал бүгінгі жарыста әзірге павлодарлық спортшылар жеңе ме деген болжам  бар.

Алғашқы жекелей сында 25 км қашықтықты бірінші болып бағындырған павлодарлық Роман Семенов әзірге көш бастап келеді. 26-шы нөмірлі спортшы 36 ұпай жинаған.

Роман Семенов,  спартакиадаға қатысушы, Павлодар облысы:
– Әзірге біз алда келе жатырмыз. Біздің құрама мүшелері жақсы велошабандозшылар. Осы алған бетімізден қайтпауға тырысамыз.

Ал 51-ші нөмірлі Данияр Жақыпбеков қарсыласынан сәл кейін қалып,  мәреге екінші болып жеткен.

Данияр Жақыпбеков, спартакиадаға қатысушы, Алматы облысы:
-Сайыс жақсы деңгейде өтуде. Жарыс жолдары ұнайды. Қарсыластар мықты. Әсіресе Роман Семеновты атап өткім келеді.

Алғашқы күнгі командалық есеп бойынша Павлодар облысы топ жарды. Оңтүстік Қазақстан аймағы екінші орынды еншіледі. Ал Солтүстік Қазақстан өңірі үздік үштікті қорытындылады. Айта кету керек, екінші күнгі командалық сайыста павлодарлықтар тағы да  озды. 50 км қашықтық жастар үшін түк емес көрінді. Шоқтығы екінші мәрте биік болған команда қорытынды жарыстан да жақсы нәтиже күттіріп отыр. Республикалық бесінші жазғы спартакиаданың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Велошабандоздар арасындағы сайыс өз мәресіне жеткен соң спартакиаданы маутинбайк жарысы қорытындылайды. Спорттың бұл ерекше түрінен жарыс шілденің 19-21-і аралығына жоспарланған.

Гүлден Сәрсенбаева