Қоғам

Кәсіпорындар табиғатты ластап жатыр

 

 

 

 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті берген ақпараттың негізінде шілде айының басынан жергілікті экологиялық инспекторлар 6 өндіріс орнын тексерді. Күдік  расталып, бес мекемеде қоршаған ортаға залал келтіру фактілері анықталған. Бұлар кәріздерге өндіріс қалдықтарын мөлшерден 10 тіпті 100 есе көп тастаған.

Мұхтар Смағұлов, «Есіл экология департаменті» мемлекеттік экологиялық инспекцияның СҚОФ мемлекеттік экологиялық инспекторы :
– «СБИ-Агро» ЖШС, жеке кәсіпкер Шаров және міндеттелген лабораториялық сараптама жүргізбей, концентрациялық зиянды заттарды көп мөлшерде төккен «Леонтьев» фирмасы» ЖШС мен жеке кәсіпкер Паутовтың экологиялық кодексті сақтамайтындығы белгілі болды. Аталған кәсіпорын басшыларына қатысты тиісті шаралар қолданылды.

Серіктестік директорлары мен жеке кәсіпкерлерге жалпы сомасы 200 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Олқылықтарды жоюға 2 айдай уақыт беріліпті. Егер де бұл мекемелер экологиялық инспекторлардың ескертулеріне құлақ аспаса, олардың қызметі уақытша тоқтатылады.

Мұхтар Смағұлов, «Есіл экология департаменті» мемлекеттік экологиялық инспекцияның СҚОФ мемлекеттік экологиялық инспекторы :
«СБИ-Агро» ЖШС бас директорына 37 мың 800 тг, заңды тұлға ретінде 75мың 600 тг, «Леонтьев» фирмасы» ЖШС техникалық директорына 15 мың теңге, жеке кәсіпкерлер Шаровқа 30 мың және Паутовқа 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Заңбұзушылықтар экологиялық заңнаманы білмегендіктен орын алғанға ұқсайды. ҚР экологиялық Кодексінің 203 бабында осы туралы айтылған.  

Жалпы жыл басынан 257 табиғат пайдаланушы тексерілген. Олардың 206-сына жоспарлы тексерістер ұйымдастырылса, 51-і жоспарсыз. Салынған 8 млн теңгеден астам айыппұлдың 90 пайызы өндіріліп алынды.

Айдана Демесінова