Бизнес және экономика

Дәрменсіз борышкерлерге көмек көрсетілуде

Бүгінде елімізде 81 кәсіпорын сауықтырудан өтіп жатыр. Барлығы жұмыстарын тұралатып, қарызға батқандар. Бірақ әлі де кәсіпорындарды құтқару амалдары бар дейді дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің өкілдері.

 

 

Мұрат Әділханов, ҚР ҚМ дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары:

-Үстіміздегі жылы 13 кәсіпорынды сауықтыру мерзімі аяқталды. 5-уі банкрот деп танылды. Қалғаны қатарға қосылды. Бір өкініштісі, бизнес өкілдері қарызды қордаландырып, жағдайды ушықтырғанда ғана қимылдай бастайды.

Елімізде қарызға батқан кәсіпорындарды құтқару жолдары қарастырылған. «Банкроттық туралы» заң бойынша кәсіпорын жұмыс орындарын сақтау үшін белгілі уақытқа сауықтыру мерзімін ала алады.

Анатолий Овчаренко, ҚР ҚМ дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің “Тобыл” өңіраралық департаменті бастығының орынбасары:

-Сауықтыру сот шешімі бойынша тағайындалады. Осы уақытта қарызды өсіру тоқтатылады. Кәсіпорын жалақыдан басқа төлемдерді өтеуді тоқтатады. Сауықтыру амалдары жасалады.  

Бұл уақытта инвесторлар қарыз үшін мүлікті де тартып ала алмайды. Есепшоттар жабылмайды. Яғни белгіленген мерзім ішінде кәсіпкер инвестор тауып, жұмысын жалғастырудың амалдарын жасайды. Ондай ілігіп кеткен кәсіпорындар біздің облыста да бар.

Анатолии Сорокин, “Еңбек-Қызылжар” РМК сауықтыру басқарушысы:  
-«Еңбек-Қызылжар» мемлекеттік кәсіпорны екі жыл мерзімге сауықтыруға алынған еді. Мен осы кәсіпорынға сауықтыру басқарушы болып тағайындалдым. Қарыз көп еді. Берілген уақытта шығынды өтеп, жұмысты жалғастырдық.

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің өкілдері кәсіпкерлерді ең бастысы жағдайды ушықтырмауға шақырды. Бүгінде облыста салық бойынша қарызы 150 айлық есептік көрсеткіштен асқан 500-дей кәсіпорын бар. Яғни, олардың әрқайсысы жағдайды бақылауда ұстаулары керек.

 Әсем Рахметова