Мәдениет

Петропавлдық бардтар байқауға барады

 

 

Юлия Асатуллинаның авторлық өлеңдерді орындай бастағанына шамамен 2,5 жыл болыпты.  Ол  дайындықтардан қалмай, осы жерге келуге асығады. Мұнда жиналатындарды авторлық өлеңдерге деген сүйіспеншілік біріктіреді. Юлия да бард әуесқойларымен бірден тіл табысып, жақсы араласып кетті. Талай сайыстарға бірге қатысып, қобалжу, толқу сияқты сезімдердің ауыртпалығын бірге  көтерді.

Юлия Асатуллина,  «Союз автор» шығармашылық бірлестігінің мүшесі:
-Фестивальде 2 әнді орындаймын. Өкінішке қарай, біреуінің авторы да атауы да белгісіз. Ал екіншісі Анна Ширяеваның туындысы. Бұл әуендер қатты ұнағандықтан байқауда орындауды жөн көрдім. Жүлделі орынға ие боламыз деген үміттемін.

Бард әндеріне әуес жандардың бірі Әділ Бурумбаев. Қатарластарымен бірге көптеген қалаларға барып өнерін паш етіпті. Өзгелер сияқты Әділ де бүгін соңғы дайындыққа келіп отыр. Өзі өлең шығаратын жерлесіміз жауапты сында сүйікті әншісінің де әнін орындамақ

Әділ Бурумбаев, «Союз автор» шығармашылық бірлестігінің мүшесі:
-Мен Олег Митяевтің шығармаларын сүйіп тыңдаймын. Сол кісінің әндерін және автор аталымында өзімнің қаламалды туындыларымды орындаймын. Жақсы өнер көрсетіп, қаламызда дарынды жастар көп екендігін дәлелдегіміз келеді.  

«Союз автор» шығармашылық бірлестігі 21 жыл бұрын құрылған. Дарынды жастар Астана, Қарағанды, Новосібір, Омбы, Корған қалаларында өнер көрсетіпті. Енді Бурабайда өтетін халықаралық фестивальге аттанғалы тұр. Талай жанды әсем дауыстарымен таң қалдырған жеткіншектер үздік үштікке енуге үмітті.

Аида Тұртаева, «Союз автор» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:
– Орындаушы, үздік автор, үздік ансамбль және үздік дуэт аталымдары болады. Барлығына кем дегенде 3 әннен дайындадық. Облысымыздың намысын абыроймен қорғаймыз деген ойдамын.

Осыдан кейін жерлестеріміз Астана қаласында өтетін бауқауда бағын сынамақ.

Айдана Демесінова