Көлік және жолдар

Байтерек ауылында жол салынуда


 

Жаңадан бой көтерген Бәйтерек ауылын абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жаз соңына дейін мұнда 12 мың 400 шаршы метр жерге тас жол салынатын болады. Оның 2,2 шақырымына асфальт төселсе,  қалған 2,5 шақырымы қиыршық таспен тегістелмек.  Бұл жұмыстарды атқару мердігер “Су-808” ЖШС тапсырылды.

 Виктор Ли, “Су-808” ЖШС директоры:
Асфальт төсеуді тамыздың 12-не дейін аяқтаймыз. Кейін қиыршық тас жол салуға кірісеміз. Ол жұмыстар да көп болса, 10 күнге созылады. Жауын шашын ғана кейде қолымызды байлап кедергі жасайды. Әзірге бәрі жоспарға сай жүргізіліп жатыр.  

Мұнда қазір ені 6 метр тас жол құюға қажетті арнайы техника, 25 маман тартылған.   Шілденің 15-нен мың шаршы метр жерде құрылыстың дайындық жұмыстары аяқталыпты. Жол тегіс әрі берік болуы үшін енді үстінен халықаралық талаптарға сай 11 сантиметрлік екіқабатты асфальт төселінбек. Жол жиегіне құм мен қиыршық тас себіледі. Бұл жұмыстарға Қызылжар ауданының қазынасынан 102 млн теңге бөлініпті.

Виктор Ли, “Су-808” ЖШС директоры:
Сондай-ақ бізден “Ливкос Север”ЖШС су желілерін өткізуге тендер ұтып алды. Бүгінде 840 метр құбыр тартылып, су жіберілді. Ендігі қалған жұмыс желіні жуып-шаю. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жуық арада тындырылады.   

Өткен жылдың қазан айында Бәйтерек ауылына Омбы қаласынан Бейсенбаевтар әулеті қоныс аударыпты.   Шекара асып келген  бауырлар жаңа мекендерінде бүгінгі жасалып жатқан жағдайға дән риза.

Жанайдар Бейсенбаев, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
-Жаңбыр жауса болды, жүру мүмкін емес еді. Балаларға қиын болатын. Қазір жаңа жол салып жатыр. Өте жақсы болды.

Жыл соңына дейін Бәйтерек ауылында тағы жүз отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Жеңіс Ермұқанов