Билік

Өңірлер рейтингі

Әкімшілік аумақтардың әлеуметтік- экономикалық дамуы 20 көрсеткіш бойынша бағаланады. Облыстық әкімдікте өткен жыл мен биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы шығарылды.

Аида Балабаева, бюджеттік жоспарлау және экономика басқармасының бастығы:

 

 

-2010 жылы облыстағы жан басына шаққандағы өнім көлемі бойынша 6 аудан қарқынды азайтқан. Уәлиханов ауданында өнім өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда  – 64,2, Тайыншада  – 81,3, Ақжарда – 86,4, Мамлютте  – 93,7 пайызды құрайды.

Аудандардың даму көрсеткішіне бюджетті орындау, қазынаны толтыру, құрылыс қарқыны тікелей әсер етеді. Сондай-ақ қылмыспен күрес те сапалы болуы керек. Мемлекеттік тапсырыспен оқуға түскен түлектер саны ауданның көрсеткішіне, әкімнің жұмысын бағалауға негіз болады. Салауатты өмір салтын ұстануға да үнемі көңіл бөлінуі керек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша көш көңында Есіл ауданы қалды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Аудан 13 көрсеткіш бойынша артта қалған. Құрылыс, инвестиция тарту, бюджеттік өсім қарқыны өте төмен. Туберкулезге шалдыққандар көбейген. Спортпен шұғылданушылар бойынша 12- ші орын. Қылмыс өскен.  

 

Тимирязев ауданы да есілдіктерден алыстай қойған жоқ. Ал даму қарқыны бойынша ең жақсы көрсеткішті  М.Жұмабаев ауданы беріп отыр. Екінші орында облыс орталығы, үшінші – Жамбыл ауданы. Бұл жолы аудан басшылары әр көрсеткіш бойынша түсініктеме берумен шектелді. Ал 2011 жыл қорытындысы бойынша басшылар орынтақтарын босатулары да мүмкін.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-2011 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 3 орыннан көрінген аудандар басшылары орындарынан босатылады. Жұмысы оңға баспады ма, аудан әкімі жұмыстан шықсын. Қай көрсеткіш бойынша жұмыс жоқ, сол саланы бақылайтын аудан әкімінің орынбасары кетуі керек.

Облыс басшысы аудан әкімдеріне бұл жиырма көрсеткішке енбейтін қысқа жем-шөп жинау, көкөніс сақтау орындарын дайындау жұмыстарын назардан шығармауды тапсырды.

Әсем Рахметова