Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәуелсіздік жылдарында туберкулезге қарсы нәтижелі күрес жүргізілді

 

 

Қазірде 450-ге жуық ауруды емдеп жатқан облыстық туберкулез диспансері сонау 1976 жылы салынған болатын. Ал тәуелсіздік таңы атқан 90-шы  жылдары туберкулезге қарсы мекемелерде медицина қызметкерлері жетіспей, ауру көрсеткіші 45,8 пайызға жетіп қалған екен. 1998 жылы Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту туралы жарлық шығысымен жағдай түбегейлі өзгерді. Мұның мәнін медицина саласына жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған Валентина Харламова жақсы біледі.

Валентина Харламова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ұйымдастыру-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:
-Жарлық шығысымен 5 жасқа дейінгі балаларға түгел тегін егулер жасалатын болды. Сондай-ақ ауруханаларда тексерілу, емделу бағасы арзандатылды. Дәрігерлерден туберкулезбен ауыратындардың 85 пайызын емдеп шығару талап етілді.

Сол кезден нықтап қолға алынған үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұған бір ғана облыстық диспансердің жұмысы дәлел. Соңғы 5 жылда мұнда 4 заманауи құрылғы орнатылып, ауруларды емдеудің жаңа тәсілдері меңгеріле бастаған. Мәселен, былтыр сатып алынған «Хайнтест» аппараты құрт ауруының даму кезеңін 2 күн ішінде анықтап, жедел ем қабылдай бастауға мүмкіндік береді.

Светлана Харламова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:
– 2006 жылдан бастап біздегі барлық 7 рентген құрылғысы алмастырылды. Мына сандық құрылғы рентген суретінің сапасын жақсартып, жасау уақытын жеделдетеді.

Бірнеше бөліктен тұратын бұл заманауи құрылғының құны 45 млн теңге. Тағы бір сондай жаңа техника зертханада қызмет етіп жатыр. Алайда облыстағы туберкулез ауруына қарсы күрестің үлкен көрінісі  –  Тайынша, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарында ашылған туберкулез диспансерлері. Олардың әрбірі бір уақытта 50-100 адамға дейін қабылдап, емдей алады.

 Кәусар Аяпбергенқызы