Спорт

Тай боксынан көшедегі сайыс

 

Фестивальге  20-дан астам спортшы қатысты. Бұл жарысқа қалалық боксшылармен қатар жақын маңдағы аудандар спортшылары да жиылды. Барлығының ортақ мақсаты – өңіріміздегі муайтай боксының деңгейін көтеру.

Иван Ван-Хон-Тун,  СҚО тай бокстан бас бапкері:
Бұл шара жұртшылықтың тай боксына деген қызығушылығын арттырады деп сенеміз. Сондықтан фестивальді өткізуге ашық алаңды, көпшілік көп шоғырланған жерді әдейі таңдадық.

80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дамир Қажығұмаровтың спорттың бұл түрімен шұғылданғанына 8 жыл болыпты. Қазіргі уақытта ол спорт шеберіне үміткер, талай додалардың жеңімпазы. Осы жолы да жекпе-жекте айла-тәсілін асыра білген спортшы бірінші кездесуін жеңіспен аяқтады.

Дамир Қажығұмаров, жарысқа қатысушы:
Әр жарыстан соң өз-өзіңе деген сенімің артады. Біраз тәжірибе жинақтаймыз. Мұндай шара, әсіресе жасөспірімдерді бұл спортқа баулуға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Фестивальдың ашық аспан астында ұйымдастырылуы тұрғындардың да қызығушылығын оятты. Бұл күні ашық алаңдағы ринг маңына жиылған жұртшылық аз болмады.

Шара өте қызықты. Достарымызбен спортшыларға жанкүйер болып отырмыз.
Жарыс маған өте ұнады. Далада мұндай жарысты бірінші рет тамашалап тұрмын.

Салауатты өмір салтын насихаттайтын шараның дәстүрге айналарына сенім мол.

Инеш Шоқақова