ТКШ

Петропавлда 60-қа тарта тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді

 

 Жалпы облыс орталығында 60-қа тарта тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Негізінен бұл баспаналардың іргесі қаланғанына жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Пәтер иелері жыл сайын күштері жеткенше әбден тозған баспананың тесіктерін жамап, азды-көпті жөндеуден өткізіп тұрғанымен үйді толығымен жаңартуға мұршалары келмейді. Бұл   мәселені шешуде биыл қабылданған “Тұрғын үй шаруашылығын жаңарту” бағдарламасы таптырмас көмекші. Петропавлға баспаналарды жаңалауға 520 млн теңге қарастырылған. Бүгінде 20-дан астам  пәтер иелері кооперативтері бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып қалуға келісімдерін беріп отыр.

Сергей Худяков, “Тұрғын үй шаруашылығын дамыту дәне жаңғырту орталығы” СҚОФ директоры:
– Бағдарламаны алғаш болып қабылдауға тілек білдірген үйлердің ескірген қасбетін, шатырын, подъездерін, коммуналдық желілерін жаңартып қана қоймаймыз. Аулаларын көгалдандыруға да септесетін боламыз.

Баспана иелерінің көпшілігі жаңашылдықты қолдап отыр. Бағдарламаға енген көпқабатты үйлердің жалғыз басты аға буын өкілдері мен аз қамтылған отбасы иелері артынан қарызға батамыз деп алаңдайды. Дегенмен мамандар бұндай мәселелерді шешу жағы да қарастырылған дейді.

Сергей Худяков, “Тұрғын үй шаруашылығын дамыту дәне жаңғырту орталығы” СҚОФ директоры:
– Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылары мен зейнеткерлердің шығынын мемлекет толығымен өзіне алады. Бұл үшін қосымша 200 млн теңге қарастырылды. Тек көмекті қажет ететін адамдар әлеуметтік қорғау мекемелеріне өтініш берулері қажет. Негізінен тұрғындар атқарылған шаруаға ай сайын 3 мың теңгеден артық төлемейді.  

Несие пайыздық үстемеақысыз беріледі. Жұмсалған қаржы қатаң бақылаудағы арнайы есеп шоттарға аударылады. Сондықтан тұрғындарға атқарылған шаруға қажетінен артық ақша төлеп қоямыз деп алаңдаудың қажеті жоқ. Ойларын жүзеге асыру үшін олардан талап етілетіні тек күрделі жөндеудің жоспары көрсетілген сметалық жоба құру.

Жеңіс Ермұқанов