Әр түрлі

Петропавлдың орталық алаңындағы думан

 

 

 

 

Көңілді ән-жыр, құттықтау тілектер Конституция көшесінің әр бұрышынан төгілді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдына топталған қауымды гитарашылардың концерті тәнті етті. Ал туған қаланың бүгінгісіне ғана тамсанбай өткеніне де көз тастап, тарихтың тұңғиығына шомылғысы келетіндер үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы көрме ұйымдастырды. Петропавлдың 18-ші ғасырдағы келбеті бейнеленген стенд жұртшылықтың назарын өзіне аудартты.

Әлия Усинова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Көрме қаламыздың тарихы жайындағы фотосуреттерден құралған. Көшелердің, архитектуралық ескерткіштердің тарихы, суреттері берілген. Көшелердің атаулары жайында материалдар бар.

Мерекені 66/37 әскери бөлім оркестрінің әндері жаңғыртты. Олардың туған жер, Отан тақырыбындағы әуендері әркімнің көкірегінде отаншылдық сезімін оятты.

Жандос Ақбергенов, 66/37 әскери бөлім оркестрінің концертмейстері:
-Біз осы күні тамаша концерт ұсындық. Абайдың өлеңдері мен өзіміздің шығарған жаңа әндерімізді орындадық.

 66/37 әскери бөлім оркестрі бастаған ән-шашуды қалалықтардың сүйікті әрі танымал өнерпаздары жалғады. Бұл жердегі қауымның қуанышынан белсенді жастар да шет қалмай, мерекеге өз үлестерін қосып қалды. Біркелкі сары және ақ түсті жейде киген олар тәуелсіз еліміздің 20-ға келгенін өте әсерлі етіп көркемдеп берді.  Елорда мен Петропалдың туған күніне елдің болашағы, қазіргі жас өрендер де өздерінше сый көрсетті. Олардың салған суреттері елімізде орныққан бейбітшілік пен жасампаздықты бейнеледі.

-Мен киіз үйді салып жатырмын. Себебі бұрын қазақтар киіз үйде тұрған. Барлық петропавлдықтарды қаланың туған күнімен құттықтаймын. Петропавл гүлдей берсін.
– Нұрсұлтан ата біздің Президентіміз. Мен оны жақсы көремін. Бүгін оның туған күні. Мен оны құттықтаймын.

Ал қаланың ерке сұлу қыздары бұл күні мәдениет және демалыс саябағында өнер көрсетіп, «Мисс Еркетай» титулының иегері анықталды.  Қыздардың әрбірі жеке номинацияда жеңімпаз атанып, сыйлықтарға ие болды. Ал «Мисс Еркетай» болу қуанышына қазылар мен жиналған қауымның көзайымына айналған Дариға Кәрімова ие болды.

Дариға Кәрімова,  ” Мисс Еркетай”:
-Мен қуаныштымын, мен “Мисс Еркетай” атандым. Барлық адамдарды мерекемен құттықтаймын.

Осылайша бүгінгі қос мереке үлкен – кішінің жұмыла атсалысуымен есте қалды.

Кәусар Аяпбергенқызы