Билік

Тайынша ауданындағы Зеленый гайға – 75 жыл

 

 

 

 

Тайынша ауданындағы агроқұрылымдар мал азығын дайындау жұмыстарына мықтап кіріскен. Анатолий Рафальский басқарып отырған “Тайынша-Астық” серіктестігі иелігіндегі шабындықтан 120 тонна шөп жинап үлгеріпті. Шаруашылық 50 мың Га жерге бидай сепкен. Арамшөпке қарсы дәрілеу жұмыстары да аяқталапты. Енді аурулар мен зиянкестерге қарсы күрес бағытында ауқымды іс тындырылуда. Кейін аймақ басшысы Тайынша қаласында салынып жатқан 280 орынға шақталған балабақша құрылысының басында болды. Негізгі жұмыстар аяқталыпты, құрылысшылар ауланы абаттандырып, ғимараттың ішін әрлеуде.  Сондай-ақ Серік Біләлов аудан орталығында бой көтеріп жатқан 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мұнда қазір 80-ге тарта адам еңбек етіп жатыр. Бұл екі нысан қарашаның 1-не дейін қолданысқа берілмек.  Өңір жетекшісі “Тайынша-Астық” мал кешеніне де соқты. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған кешенде асыл тұқымды сүтті сиырлар үшінші жыл қыстап шығыпты. Канададан жеткізілген “Голштина-фриз” сиырларының алғашқы төлдері күніне 25 литрге дейін сүт береді екен. Ерекше күтімді талап ететін бұл зеңгі баба төлдеріне мал азығын әзірлеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Бұл мақсатта биыл канадалық технология бойынша тың жоба қолға алыныпты. 1,5 мың Га жүгері алқабын қолдан суару үшін 400 метрлік заманауи су сепкіш орнатылып жатыр.

Жұмабек Молдабеков, “Казэкспортастық холдингі” АҚ басқарма төрағасы:
 – Биыл “Тайынша-Астық” серіктестігі жүзеге асырып жатқан жоба бір аптаның ішінде аяқталады. Жаңа құрылғымен маусымына үш мәрте су құйып өтсек, мал азығы сөлді болып шығады. Есесіне қара малдың өнімділігі артады. Осылайша біз бір сауын сиырдан жылына 8 мың литр сүт алуды көздеп отырмыз.

Кейін облыс әкімі Серік БіләловТайынша ауданының Зеленый гай ауылының 75 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысты.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Алғашқы болып Тайынша жеріне 1936 жылы неміс және поляк ұлтының отбасылары келді. Содан бері бұл өлке олардың 2-ші Отандарына айналды. Бүгін осы Тайынша ауданының Зеленый гай селосында үлкен мерейтой болып жатыр. Солтүстік Қазақстан  халқының атынан мерейтой құтты болсын. Осылай бірігіп, бәріміз жұмыс істеп біздің мемлекетіміз көркейе берсін.  

Өңір жетекшісі ауылшаруашылығында ерен еңбегімен танылып, селоның гүлденуіне үлес қосқан бірқатар тұрғындарға грамоталар тапсырды.

Туған ауылының мерейтойы күні “Тайынша-Астық” ЖШС механизаторы Шортанбай Батенов те ерекше құрметке бөленді.

Шортанбай Батенов, “Тайынша-Астық” ЖШС механизаторы:
– Әкімнің қолынан грамота алып қуаныштымын. Еңбегім бағаланды, бақыттымын осындай күнде марапат алып жатқаныма. Ауылдастарымды, келген қонақтарды 75 жылдықпен құттықтаймын.  

Бұл күні қиын-қыстау кезеңде ауыл шаруашылығын көтеруге сүбелі үлес қосқан ақсақалдар да құрметке бөленді. 70-ті алқымдаған Хамит Исенов 30 жыл бой осы ауылдың дамуына үлес қосқан белсенді қария.

 Хамит Исенов:
– Той-тойға ұласып, қайырлы болсын. Еңбек абыройлы болсын. Еңбектеріңіз жанып, жетістікке жетіңіздер, отбасыларыңызға бақыт берсін.  

Зеленогайлықтардың қуаныштарына Қазақстандағы Полша елшісі Яцек Ключевскиде ортақтасты. Мұндағы 1546 тұрғынның 70 пайызы 1936 жылғы қуғын-сүргіннің кезінде қоныс аударған поляктардың ұрпақтары екен.

Яцек Ключевски, Қазақстандағы Польшаның елшісі:
– Сіздер 75 жылдық бірлік пен ынтымақтастық мерекесін тойлап жатсыздар. Мен бүгін сіздердің жетістіктеріңізбен таныстым. Әбден бауыр басып қалғандарың көрінеді. Көпке қол жетіпті. Егінді алқаптар, зауыт, жаңа технологиялар – бұл бірлескен еңбектің жемісі деп білемін. Біз Қазақстанның жүргізіп жатқан ұлтаралық келісім,  бірлік,халықтар достығы саясатын қолдаймыз. Қазақстан бұл ретте  өзгелерге үлгі болды. Мерекелеріңіз құтты болсын.  

Облыс әкімі Серік Біләлов пен Қазақстандағы Польша елшісі Яцек Ключевски 1978-1995 жылдары аралығында селоның төрағасы болған Сигизмунд Багинскийдің көшесін ашты. Бұдан кейін қадірменді меймандар Зеленый гай орта мектебінде болып,  қоныс аударушылар мұражай- үйін ашу салтанатына қатысты. Бұл үй Зеленый гай ауылында ең бірінші салыныпты. Оның ішкі-сыртқы көрінісі бәз-баяғы қалпында сақталған. Сол кездері тұрмыста пайдаланылған ыдыс-аяқ, жиһаз тіпті 1936 жылғы патефон, сағат, үтік  те бүгінде қолданысқа дайын. Ал бір бөлме қазақ халқының оюларымен өрнектеліп, ұлттық нақышта безендірілген,  қазақ мәдениеті мен салты көрініс тапқан. Ал мұражай ауласында қора- қопсы,  ауыл шаруашылық құралдары жайғасқан.
Ал көліктер шеруінде зеленыйгайлықтардың ғана емес, бүкіл облыстың дамуы көрініс табады. Алғашқы тракторлар, жеңіл машиналар соңынан жетілдірілген ауылшаруашылық техникасы жүріп келеді. Көш соңында жоғары өнімді «Джондир» комбайндары, заманауи агрегаттар мен кешендер.

  Жеңіс Ермұқанов