Құқық қорғау органдары

Өңірімізге жеткізілмек болған кезекті есірткі партиясының жолы кесілді

 

 

 

Тәртіп сақшылары Жамбыл облысынан біздің өңірге ірі көлемде есірткі жөнелтілетіні туралы хабар алған. Қылмыстық топты ауыздықтауға облыс полициясының жеке құрамы толықтай тартылды. Нақтырақ айтсақ, жауапты операцияға есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, жедел әрекет ету арнайы бөлімі, облыстық ІІД тергеушілері, Ішкі істер министрлігінің «Дельта Долина» арнайы мақсаттағы бөлімі мен Жамбыл облысының із кесушілері түгел жұмылдырылды. Жоспарлы әрекет барысында 34 және 37 жастағы наша сатушылар Шу қаласынан ұсталды. Полиция заң бұзушылардың қолына қонақ үйде жатқан жерінде кісен салған. Тергеу амалдары барысында олардың  бұған дейін Петропавлға үш рет марихуана мен гашиш есірткісін тасымалдағаны анықталды. Енді кінәлілердің жазасы да ауыр болмақ. Себебі, есірткі көлемі тым үлкен. Жалпы салмағы екі жүз килограмнан асады.

Жұмажан Мұқатанов, СҚО ІІД ЕБҚКБ бастығы:
– Ақпарат түсісімен бірден жедел шаралар қолдану туралы шешім қабылданды. Аталған операцияны ІІД басшылығы бақылауға алып, жедел шара бір жарым айға созылды.

Қазіргі уақытта бұрын сотталған екі күдікті тергеу абақтысына қамалды.

 Жұмажан Мұқатанов, СҚО ІІД ЕБҚКБ бастығы:

– Есірткі жолаушы тасымалдаушы поездың жүк және пошта тиелген вагондарында жеткізілген. Олардың марихуана салынған пакеттеріне түбіртек беріліп, еш кедергісіз жеткізіліп отырған. Қазіргі уақытта есірткі тасымалына қатысы бар адамдардың барлығы тексерілуде.

 
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

 Гүлден Сәрсенбаева