Билік

Ведомствоаралық комиссия отырысы

 

 

Ведомствоаралық комиссияның отырысында бірінші кезекте медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитеті облыстық департаментінің биылғы жылы атқарған жұмысы таразыланды. Бірақ жемқорлықпен күрес бағытында қолға алынған шаралар жайлы бөлім бастықтарының есебін облыс әкімі қабылдамады. Есеп шашыраңқы, илеуі қанбаған. Сондықтан комиссия мүшелерінің шешімі бойынша департаменттің есебі келесі отырысқа қалдырылды. “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда заңдылықтың сақталуы қатаң бақылауда. Жыл аяғына дейін бөлінген қаржының игерілуі 99,8 пайызды құрамақ. Кейбір жобалар бойынша қаражат үнемделген.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
 – Мамандарды қайта даярлауға бөлінген қаржыдан 3,2 млн. теңге қалды. Өйткені оқудан шығарылғандар болды. Білім саласында 500 мың теңге үнемделді. Сонымен қатар тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыруда 4,8 млн. теңге игерілмеді. Бұл қаражат бюджетке қайтарылады.

Бағдарлама бойынша бөлінген қаржыны игеруде жемқорлық заңбұзушылықтар тіркелмеген. Есесіне Ақжар ауданында заңбұзушылықтардың артқаны байқалады. Мәселен, 2009 жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген 11 адам тәртіптік жауапқа тартылса, үстіміздегі жылы заңды белінен басқандардың саны он төртке жеткен. Ал Уәлиханов ауданында алты істің үшеуі білім саласында тіркелген.  Бұл ретте комиссия мүшелері ауданда кадр саясатын  жүргізуге   үлкен мән беру керектігін ескертті.

  Асқар Досекенов,  СҚО прокуроры:
 – Үстіміздегі жылы аудандық білім бөлімінің бастығы салдыр-салақтығы үшін сот шешімімен жазаға тартылған болатын. Жарты жыл өтпей жатып-ақ ол мектеп директоры қызметіне тағайындалған. Бұндайға жол беруге болмайды ғой. Осы жағдайды қатаң ескеру қажет.

Жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелері үстіміздегі жылы соңғы рет бас қосып отыр. Сондықтан отырыста келесі жылдың міндеттері де айқындалды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Бүгін отырыста қаралған мәселелер бойынша мемлекеттікқұқықтық бөлімге комиссия мүшелерінің пікірлерін есепке ала отырып, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Ал комиссия мүшелері жыл соңына дейін 2011 жылдың жоспарына өз ұсыныс-пікірлерін енгізуі тиіс. Келесі жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын жетілдіре түсуіміз қажет.

 Айымгүл Әбілева