Денсаулық сақтау

Балаларға сақ болу керек

 

 

 

 

Гүлназ бастапқыда жеңіл жарақатына мән бермеген. Дәрігерлердің көмегіне де біраз уақыттан соң жүгініпті. Ауруханаға келгелі түрлі емшара қабылдап, денсаулығым күннен-күнге жақсарып келеді дейді.
Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінде 41 бала ем қабылдауда. Жыл басынан ауруханаға түрлі жарақатпен 3245 бала түсіпті. Тұрмыстық, жеңіл және басқа да жарақат алған науқастардың саны, әсіресе жаз мезгілінде арта түседі дейді мамандар.

Борис Гончаров, травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі:
– Жаз басталысымен біздің бөлімнің қызметкерлерінің жұмысы қиындай түседі. Себебі бұл уақытта балалар белсенді болады. Үлкендер қарап үлгере алмайды. Арнайы ойын алаңдарының жоқтығы да, балалардың денсаулығына қауіп төндіреді.

Балалар негізінен доп қуып, ойын алаңқайларында үлкендердің қарауынсыз жүрген кезде жарақат алады.

Илья Еньшин:

-Біз футбол ойнап жүргенде, мен қақпада тұрған болатынмын. Сол кезде доп соғамын деген баланың аяғы маған тиді. Содан кейін жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түстім.

Шолпан Нагуманова бір жасар баласымен ауруханада жатқанына 2 айдай уақыт болған. Анасының айтуынша, Мадиярдың денсаулығы бастапқы кезге қарағанда, біршама жақсарған. Дегенмен толықтай айығу үшін әлі де біраз уақыт қажет. Хирургия бөлімінде түрлі дәрежеде күйік алған 3 бала емделуде. Екі жапа шегушінің жарақаты ауыр.

Инеш Шоқақова