Білім

Жазғы демалыста да оқу үзілмейді

 

 

 

Соңғы сынақтар тапсырылысымен көптеген оқушылар сөмкелерін бұрышқа тығып, көңілді демалыс құшағына беріліп кетті. Ал мына мектепте әлі сабақтар жалғасуда. Тек бұл әдеттегі сабақ емес, білімді тереңдетуді көздеген жазғы олимпиадалық алаң.

Константин Рыб, дарынды балаларға мамандандырлған облыстық “ЛОРД” мектеп-лицейінің директоры:
– Біз оқушыларды жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындауға баса назар аударамыз.
Білім әлеміндегі соңғы жаңалықтарды меңгеріп отырамыз. Сондықтан жазғы уақытта балалар үшін жаңа бір ғылым ашылады, олар сабақта біле алмаған мәліметтерге қанығады, болашақтағы мамандықтарын анықтайды .

Олимпиадалық алаңда кез келген ғылымға жол ашық. 5- 11 сынып аралығындағы оқушылар қалаған пәні бойынша сабаққа қатысады. Алмас Кәршалов үш тілді меңгеру заман талабы деген қағиданы ұстанатын көрінеді.

Алмас Кәршалов, дарынды балаларға мамандандырлған облыстық “ЛОРД” мектеп-лицейінің оқушысы:
– Мен ағылшын тілінен олимпиадалық дайындыққа қатысып жүрмін.
Әрине, жетістіктерім бар. Сабақта жаңа материалдармен, кітаптармен танысамыз. Ағылшын тілі менің сүйікті пәнім.

Жазғы демалысты сабаққа алмастырудың тиімділігі оқу маусымы кезінде анық байқалады. Бүгінгі күні лицейде 60-қа жуық республикалық, 19 халықаралық олимпиаданың жеңімпазы бар. Солардың бірі “3 мыңжылдық” деп аталған физика-математикалық сайыстың жүлдегері Владислав Иващенко мұнда 5 сыныптан бастап қатысады.

Владислав Иващенко:
– Олимпиадалық тапсырмалар жылдан-жылға күрделеніп келеді. Біз мектеп деңгейінен асып, халықаралық деңгейде сынға түсе аламыз. Оған менің көптеген жеңістерім дәлел.

Биыл олимпиадалық алаңға 70-ке тарта оқушы жазылыпты. Олар 18 топқа бөлініп, тілдер, физика, математика, жаратылыстану бойынша білімдерін тереңдетеді. Әлбетте, аса маңызды ҰБТ сынағына қосымша сабақтың әсері аз емес. Биыл 20 түлектің орташа ұпайы 107,27 пайызды құрапты. “ЛОРД” лицейін тәмамдаушылар көбіне шетелдік және елдегі ең таңдаулы ЖОО-ларға түсетін көрінеді.

 Кәусар Аяпбергенқызы