Білім

Үздік түлектерді өңір басшысы құттықтады

  

 

 

 

Білім майданындағы 11 жылғы үздіксіз еңбектің жемісін татып, қимас дос, ұстаздармен қоштасатын, балалықты артқа тастап, үлкен өмірге аяқ басатын аса маңызды күн осы. Бұл жиынның басты сәні өз қатарластарының алды, ата-анасының мақтанышына айналған 130 үздік түлек. Биылғы ҰБТ-да облыстағы әр 6-шы мектеп бітіруші 100-ден артық ұпай жинап, 71 түлек Алтын белгіге лайық екендіктерін дәлелдеді. Олармен бірге ерекше аттестат алған 59 оқушы мен халықаралық білім бәйгелерінде жүлдегер атанған 28 түлекке облыс әкімі Серік Біләлов мектеп бітіру туралы құжаттары мен ақшалай сыйлық берді. Ал ҰБТ-да ең жоғарғы көрсеткіш 125 ұпай жинаған Шал ақын ауданы Кривощек орта мектебінің оқушысы Айдана Қайыроваға өңір басшысы еңбегіне лайық сый – ноутбук тарту етті. Болашағын телекоммуникация саласымен байланыстырғысы келетін талапты қыз ең алдымен қатарластарына   ақ жол тіледі.

Айдана Қайырова, ерекше аттестат иегері, Шал ақын ауданы Кривощек орта мектебінің түлегі:
– 125 балл алғаныма өте қуаныштымын. Өз ұстаздарыма, ата-анама шексіз алғыс білдіремін. Замандастарыма ақ жол тілеймін.

Салтанатты жиын басталысымен құя жөнелген ақ жауын ешкімді тұнжыратпады. Керісінше, құттықтау сөз сөйлеген әркім оны Алланың нұрына теңеп жатты. 121 ұпаймен ерекше аттестат иегері атанған Дамир Башенов әр түлектің қуанышын ұстаздарының еңбегі деп білетінін айтады.

Дамир Башенов,  ерекше аттестат иегері, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат түлегі:
Осы табысыма біріншіден ұстаздарыма көптенкөп алғыс білдіремін. Келесі жылы ҰБТ тапсыратын оқушыларға біздің жолымызды берсін. Менің жоспарым Евразия университетіне түсіп, Қазақстанның белді азаматтарының бірі болу.

Шын мәнінде, оқушының жеңісі, ұстаздың жеңісі. ҰБТ қорытындысына сәйкес облыс деңгейінде 2-ші орынға тұрақтаған қазақ-түрік лицейі үшін бұл тіптен айтулы сәт. Аталған мектеп биыл алғаш рет түлек ұшырып отыр.

Ахмет Гази Чолак,  облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп лицей-интернатының директоры:
– 57 баламыздың орташа балы 114 балл. Өте қуаныштымыз, 16  Алтын белгі алатын балаларымыз бәрі алды. 6 ерекше аттестат иегері де алды. Бүкіл мектеп бітірушілерге сәттілік тілеймін.  

Биыл 20-ға толатын жас еліміздің келешектегі тірегі, бүгінгі түлектерге не тілесе де жарасады. Олардың құрметіне қала өнерпаздары мерекелік тамаша концерт ұсынды. Бүгін барлық мектеп бітірушілер үшін өз алтын ұяларымен қоштасар соңғы кеш өтеді. Бұл әр қыз-жігіттің жадында мәңгі сақталар айтулы күн болмақ.

Кәусар Аяпбергенқызы