Білім

Мектеппен қоштасу кешіне дайындық

 

Түлектер кешінің басталуына санаулы уақыт қалды. Ал табиғатынан бойларына нәзіктік пен сұлулық тән қыздар салтанатқа барынша дайындалуда. Бірі шашын соңғы үлгі бойынша әдемілеп жатса, енді бірі бетіне бояу жағып, одан бетер ажарлана түсуде. Ал қыздардың бұл ойын жүзеге асыруға шаштараздар мен визажистер көмектесуде.

Наталья Одушкина, «EStetiC» сән салонының шаштараз-визажисі:
– Әрине, кез келген қыздың табиғи сәні бар. Сондықтан оны бұзбас үшін қарапайымдылыққа берілуге тырысамыз. Биыл көп түлектер шаштарын жай жіберіп, бұйралауды жөн көруде. Басқалары жоғарыға жинап қойғанды дұрыс санайды. Айтқым келетіні, үстіміздегі жылы шаш өру де сәнге айналып отыр.

Жанна Жақақова шашын әдемілеуге сағат кешкі төрт кездерінде жазылыпты. Ол шашын сарғыш түсті көйлегіне лайықты етіп сәндеуде.

Жанна Жақақова, «Дарын» мектеп-лицейінің түлегі:
–Достарыңмен, сүйікті ұстаздарыңмен қош айтысу өте қиын екен. Алайда алда әлі талай қызық пен қуаныш күтіп тұрғанына күмән келтірмеймін. Мен ұзын көйлек алған едім. Соған лайықты етіп шашымды жинап жатырмын. Бәрі ойдағыдай болады деп есептеймін.

Аягөз Бикенованың бойын да қобалжу мен қуаныш сезімі бірдей кернеп тұр.

Аягөз Бикенова, «БЭСТ» гимназиясының түлегі:
Мен түлектер кешіне дайындалып отырмын. Салтанат алдында қобалжып та тұрған сияқтымын. Кештің сценраииін жаттап отырмын. Бәрі жақсы болады деген үміттемін. Достарыммен қош айтысу мен үшін ең ауыры. Дегенмен, оқу біткен соң мектептен тыс жерде де кездесіп тұрамыз деп ойлаймын.

Кештің ханшайымы болу үшін қыздарға біраз шығындануға тура келетін сияқты. Бетті сәндеу үшін екі – екі жарым мың теңге қажет болса, шашты әдемілеу 3500 теңгеден жоғары. Ал бір көйлектің өзі кем дегенде 20 мың теңге. Сонда бұдан тыс алынатын аяқ киім, сөмке, әшекей бұйымдарды ескерсек,  қанша қаражат қажет екенін есептеу қиын емес.

Гүлден Сәрсенбаева