Спорт

Боксшылар ел біріншілігінен бес жүлде әкелді

 

 

 

200-ден астам жас былғары қолғап шеберлерін жиған ел біріншілігінде өңір құрамы шаршы алаңға 11 салмақта шықты. 42 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Марат Ахмеджанов – облысымыздың бірнеше дүркін чемпионы. Бокспен үш жылдан бері сәтті айналысып жүрген Маратқа биыл ел біріншілігінде мүмкіндігін сынаудың сәтті түсіпті.

Марат Ахмеджанов, бокстан ҚР біріншілігінің жүлдегері:
– Ел біріншілігіне бірінші рет қатыстым. Қиын болды. Ақтық сынға шығу кездесуінде жеңіліп, үшінші орын алдым. Енді дайындалып, келесі жарысқа тек жеңу үшін барамын.

46 келі салмақ дәрежесінде тағы бір жерлесіміз үздік үштікті қорытындылап, құрама қоржынына тағы бір қола алқа салды.

 Қайрат Нұрғалиев,  бокстан ҚР біріншілігінің жүлдегері:
– Бокстың маған бергені мол, 3 жыл айналысып бірнеше рет облысты ұттым. Міне жуырда республикалық жарыста үшінші орын алдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Енді жаңа жеңістерге дайындалатын боламын.  

Сондай-ақ аталмыш жарыста тағы үш солтүстікқазақстандықтың айы оңынан туып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Енді бокстан өңіріміздің жасөспірімдер құрамасы шілде айында Алматы қаласында ел Президентінің жүлдесі қойылған турнирде бақтары мен баптарын сынайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов