Көлік және жолдар

Көлік кептелісінен қалай құтылуға болады?

 

Жұмысқа үлгеру, сабаққа кешікпей бару, баланы балабақшаға жеткізу кішігірім қалада үлкен проблемаға айналар деп петропавлдықтар әсте ойламаса керек. Дегенмен жаз басталысымен көшелердегі кептеліс күнделікті үйреншікті жағдайға айналып кетті.

Тұрғындар:

-Жұмысқа кешігіп барамыз, өйткені кептелістерде көп уақыт кетеді.
-Жұмысқа кешігеміз, одан қалды жолдар тар,  машиналар да көбейіп жатыр.

Сұрастыра келгенде жаяу жүргіншілердің мұңынан көлік жүргізушілерінің шығыны көбірек болып шықты. Күн сайын жұмыс уақытының 1 сағатын жол кептелісінде тұрумен өткіземіз дейді такси жүргізушілері. Яғни, көшелердің жабылуы олардың жалақысының біршама қысқаруына әкеліп отыр.

Жүргізушілер:

-Жөндеу жүріп жатыр жарты жолды алып. Машина қызады, бір орында тұрасың, бензин кетеді.
-Бұл ретте айналма жолдар болуы керек,  олар да жоқ, сонда қалай жүруіміз керек?

Демек, қала игілігі үшін жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстарының әзірге зияны молырақ болып тұр. Өйткені шаруа бір жүйеге келтірілмеген. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары бұл мәселеде біз қауқарсызбыз деп отыр.

Сейілжан Тастеміров,  Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Біз қала бойынша М.Жұмабаев көшесін ғана жаптық. Онда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Басқаларын біз емес, басқа коммуналдық қызметтер жапты. Олар алдымен ГАИ-ден рұқсат алулары тиіс.

Демек, әр коммуналдық қызмет өзгелерімен келіспестен жолды жауып, жөндеу жүргізе береді, ал кесірі тұрғындарға тиеді. Өзара келісіп, мәселені бірлесіп шешу әлі олардың ойына келмесе де керек. Үлкен қалалардың тәжірибесіне сүйенер болсақ, бұл жағдайда кәсіпорындар онлайн-карта құрып, интернет арқылы ортақ жоспар жасаулары тиіс. Бірақ мұндай деңгейге Петропавлдың қашан жетері әзірге белгісіз.

Кәусар Аяпбергенқызы