Денсаулық сақтау

Маусымның 14-і – Бүкіләлемдік донор күні

 

 

 

 

Кез келген адам донор бола алмайды. Қан тапсыруға ниет білдіргендер әуелі шағын медициналық тексерістен өтеді. Азаматтың бойы мен салмағының сәйкестігі, қан қысымы жіті қадағаланады. Донорға қойылатын талаптарға жауап беретіндер тәттілермен шай ішіп, шамамен 450 грамм мөлшеріндегі қанын тапсыруға әзірленеді.Азаматтардың осындай игі ісі қанға мұқтаж болған жанға ғана емес, донордың өзіне де пайдалы

Карина Корихова, облыстық қан  орталығының терапевт-дәрігері:
– Қан тапсырғанда қан айналым жүйесі жақсарады.
Ағзада тазару үрдісі жүреді. Яғни қан ауысады. Алынған қанның орны толғанда, сөзбен түсіндіруге болмайтын энергия пайда болады.

Майра Хамзина алғаш рет 32 жыл бұрын қан тапсырған екен. 3 жасар балаға қан құю керек болғанда қол ұшын беріпті. Содан бері бұл игі ісін үзбей жалғастырып келеді.

Майра Хамзина, қан тапсырушы:
-Ең бірінші науқастанып, осы қалалық ауруханада  жаттым. Маған да қан керек болып, туыстарым, жолдастарым, жақындарым, бәрі келіп көмектесті. Содан бері соларға рахмет айтып, менің  қаным да біреуге көмек болады ғой деп, мен де жыл сайын қан тапсырамын.

Людмила Юшкевич облыстық ауруханада 2 жыл медбибі болып қызмет етуде. Бүгін алғаш рет қан тапсыруға бел буыпты. Сондықтан да сәл қобалжығаны бар.

Людмила Юшкевич, қан тапсырушы:
– Денсаулығымыз мықты болса, неге қан бермеске. Қан тапсыру маған ұнады. Осы ісімді алдағы уақытта да жалғастырамын. Науқастарға көмегім тисе екен деймін.

Бұл күні тұрғындар 2 жерде қан тапсыра алды. Ол – облыстық қан  орталығы және оның донорлық жылжымалы пункті.

Түске дейін қан тапсыруға ниет білдірген 63 азамат келіпті.
 

Донор күнінде солтүстікқазақстандық полицейлер де белсенділік танытты.

Жол полициясының, патрульдік полиция батальонының және арнайы күзет басқармасының қызметкерлері белгіленген уақытта Қан орталығына жиылды. Әр түрлі бөлімшелерден барлығы 60-қа жуық қызметкер келді. Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын офицерлер күнделікті қызметтерінде көмекке мұқтаж жандарды жиі кездестіреді. Сондықтан олар қан тапсырудың қажеттілігін айтпаса да түсінері анық. Олардың арасында жүйелі түрде қан тапсыратын донорлар да бар. Жалпы бұл күні тәртіп сақшылары 25 литрден астам қан тапсырды.

Максим Пенский, СҚО ІІД УИТС инженері:
– Алғашында толқу болды, дегенмен бұл мекемеде қан тапсыру қиын емес. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бұл донорлар үшін өте қолайлы деп ойлаймын. 

Айдана Демесінова,  Инеш Шоқақова