Билік

Қаланың құрылыс алаңдарында

 

Өңір басшысы алдымен Пестрое көлінің жағасында жүргізіліп жатқан жұмысқа баға берді. Қаланың бұл шетінен Тәуелсіздік саябағы ашылмақшы. «Вант» серіктестігі жобаны жүзеге асыруға мамырдың бірінде кіріскен. Бірақ сырт көзге жұмыстың баяу жүріп жатқаны байқалады.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

– Асфальт төсеу баяу жүргізіліп жатыр. Менің ойымша бұл жерде жұмыс тәулік бойы жүргізілуі керек.  

Нысан басында 65 адам жұмыс істеп жатыр. Мердігер компания тапсырысты тамыздың басында аяқтауды жоспарлап отыр.

 Александр Филипенко, «Вант» ЖШС директоры:  

– Жердегі жұмыстар аяқталды. Кеспетас төсеуді бастадық. Жолдан аллеяның орталығына дейін бір мың шаршы метр кеспе тас төселеді.

Әлем-жәлем аялдама да осы маңның сиқын алып тұр. Істелетін жұмыстың шеті-қиыры көрінбейді. Болашақ саябақтың келесі бетін де абаттандыру керек.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Биіктігі екі метрлік қоршаулар қойыңыздар. Қалың шөпті шауып, қажет жерлерге құм төселуі керек.

Облыс әкімі «Горлов» жеке кәсіпкерлігінде болып, бұл жердегі жұмыс барысын да көрді. Кәсіпорында бетон вазалар жасалып жатыр. Вазалардың негізгі партиялары облыс орталығының көшелеріне орналастырылуда. Тапсырыс бойынша 14 мың теңгеден 65 декорациялық ваза жасалуы керек еді. Облыс әкімі бетон вазаның көбірек болуын тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Бірінші шілдеге дейін 100 ваза жасалуы керек. Бұл көлем қала қаржысына жасалады. Және оны сіздің үлесіңіз болуы тиіс.

Облыс орталығында салынып жатқан аквапарк құрылысы тамыздың ортасында аяқталады деп жоспарланған. Бірақ қосымша мердігер «АрмкоСтроитель» серіктестігі шаруаны жоспардан 20 күнге кешеуілдетіп отыр.  Ал болашақ ішкі істер департаменті аллеясының басында қауырт жұмыс жүруде. «Дорожник Ашық Аспан» серіктестігі кеспе тас төсеп, «Любимов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысшылары ескерткіш тасты бекітіп жатыр. Облыс әкімі тротуар жасап, декоративтік вазалар орнатуды да тапсырды. Бұл жердегі жұмыс шілденің ортасында аяқталады. Өңір басшысы облыс орталығының бірқатар көшелері мен аулаларын да аралады. Алтынсарин көшесіндегі 194-ші  үйдің ауласына  асфальт осыдан 30 жыл бұрын төселген. Тоз-тозы шыққан аулаға жаңа асфальтты «Норд» серіктестігі төсепті.  Мир мен Хименко көшелерінің қиылысына да жаңа асфальт жабыны төселуде. Тапсырысты «Благоустройство Север» мен «Универсал» серіктестіктері қолға алған. Юбилейный көшесіндегі жұмыс та жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бас мердігер «Су 808» серіктестігінің директоры Виктор Лидің айтуы бойынша бұл жердегі жұмыс та келесі аптаның басында аяқталады. Серіктестік бірден Мағжан Жұмабаев көшесін жөндеуге кіріспекші.

Әсем Рахметова