Балалар

Жас суретшілер байқауы

 

 

 

 

Дәстүрге айналған сайыс 60 суретші баланың басын қосты. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа іріктеліп, сынға түсті. Сайыскерлерге “Менің отбасым” және “Біздің еліміз – Қазақстан” тақырыптары ұсынылған болатын. Бас жүлдеге ие болған балдырғандарға «Спортландия» дүкенінен құны 15 мың, екінші орынды еншілегенге 10 мың және 3 орынды місе тұтқанға 5 мың теңге тұратын тауарды сатып алуға мүмкіндік беретін сертификат табыс етілді.

Райхан Әбдірахманова, “Қазақстан халық банкі” жинақтаушы зейнетақы қорының СҚОФ директоры:
– Балалар күніне арналған шара өткізейін деп отырмыз. Бұл шараны осы теміржол мекемесінде өткізетін себебіміз 1998 жылдан бері осы мекемемен бірге жұмыс істеп келеміз. Бұл шараны бұрын да ұйымдастырғанбыз.

Ярослава Кузнецова 7-10 жас аралығындағы балалардың ішінде топ жарды. Ол мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр.

Ярослава Кузнецова, байқау жеңімпазы:
– Осы байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Келесі жылы да осы көрсеткіштерімнен жаңылмаймын деп ойлаймын.  

“Біздің еліміз – Қазақстан” тақырыбын таңдаған Роман Радионов  11-15 жас аралығындағы сайыскерлер ішінде үздік атанды.

Роман Радионов,  байқау жеңімпазы:
– Өз суретің арқылы ойыңдағыны бейнелеп, жұртшылыққа жеткізуге болады. Тақырып та жақсы. Сол арқылы отансүйгіштік сезімді білдіруге болады. Осы сияқты конкурстарға қатысу өте пайдалы деп ойлаймын.

Ал Анна Пономарева жас суретшілер арасында 2-орынға ие болды. 4 жасар қыз “Менің отбасым” тақырыбында сурет салыпты. Бүлдіршіннің еңбегі де    лайықты бағасын алды.
 

Анна Пономарева, жүлдегер:
– Мен суретте анамды, әкемді және өзімді бейнеледім. Екінші орын алғаныма қуаныштымын. Осындай үлкен ойыншықты бұрын да армандағанмын.

Өзге балдырғандар да бұл сынға қатысқандары үшін сыйлықтармен марапатталды.

Айдана Демесінова