ТКШ

Жаңа үй неге бұзылып жатыр?

 

Бұл тұрғын үй 6 жыл бұрын тұрғызылған. Бірақ оны жаңа деп айтуға ешкімнің аузы бармайды. Ғимараттың іргетасы мен кіре берісі мүлде апаттық жағдайда.

Инна Бабкина, Казахстанская Правда, 64 үйінің тұрғыны:  
-Мына плитка суға желініп, көтеріліп қалды. Үйдің ішіндегісі де дәл осындай жағдайда.

Бір ай бұрын үйге кірер есік мүлде ашылмай қалған. Ал қақпа керісінше жабылмайды. Ылғалдан оның бекіткіші бірнеше сантиметрге жылжып кетіпті. Мұның бәрі сәуір айының соңында басталған.

Вардгес Сафарян, Казахстанская Правда, 64 үйінің тұрғыны:
-Алдымен су құбыры қай жерден жарылғанын білмей 2 аптадай кінәлілерді іздедік. Анықтай келгенде біздің желіміздегі құбыр жарылғанын байқадық.

Кілтипанын тапқан соң бірден үйдегі суды тоқтатып, құбырды жөндеу үшін шұңқыр қазылды. Жердің астында тұрғындарды тағы бір тосын сый күтіп тұр екен. Анықталғандай, су Сәбит Мұқанов көшесі жағынан сарылдап ағып тұр.

Вардгес Сафарян, Казахстанская Правда, 64 үйінің тұрғыны:
-Ауламыздан 4 бөшке су шығардық, көшеден бес-алтауын тасыды. Су әлі тоқтамай келіп жатыр. Тоқтатпаса таңертең тағы толады. Үйдің асты да толған су.

Көкөністерді қоймада сақтау енді мүмкін емес. 2 күн бұрын жертөленің іші де суға лықылдап толған. Тұрғындар енді қайда шағымданып, кімнен жәрдем күтерлерін білмей тосылып жүр.

Вардгес Сафарян, Казахстанская Правда, 64 үйінің тұрғыны:
«Петропавл су» кәсіпорыны бұған біздің қатысымыз жоқ дейді. Жылу жүйелері де соны айтты. Енді міне мәселенің себебін табу үшін соңғылары келді.

«Петропавл жылу жүйелері» ЖШС мамандары мұнда үшінші рет келіп отыр.

 Андрей Дубков, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас инженерінің қызметін атқарушы:
-Біз сараптама жасау үшін осы жерден су алдық. Ол аралас болып шықты. Қазір жауын жауып тұрғандықтан, толық кімдікі екені әзірге түсініксіз. Біздің құрылғымыз да су астында қалды. Бірақ жарылған құбыр біздікі емес.

Жылу жүйесінің мамандары 2 тәулік ішінде апатқа кімнің кінәлі екендігін анықтаймыз деп уәде етті.  

 Кәусар Аяпбергенқызы