Спорт

Жас конструкторлар мен картингистер сайысы

 

Аспанда қалықтаған  ұшатын аппараттарды  мектеп оқушылары жасаған. Олар бұл өнертабыстарын технология пәнінен жыл бойы дайындаса керек. Ең алдымен теориялық дәріс алып, кейін әр түрлі материалдан жасауды үйренген. Енді міне техниканы сынайтын уақыт та жетті.

Марина Гладкая, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ғылыми технология техникасы бөлімінің меңгерушісі:
– Облыстық байқау 10 жыл қатарынан үздіксіз ұйымдастырылып жүр. Жарыс ұшатын аппараттардың бірнеше моделі бойынша өтуде. Бүгін классикалық тегіс, қорапшалы батпырауықтар, планер, ракеталардың ұшуын бақылайтын боламыз. Үміткерлерге үш мүмкіндік беріледі. Аспанда көп уақыт қалықтағаны жүлдеге ие болады.

Техникадағы жетістіктеріңді паш етуге мүмкіндік жасайтын мұндай жарыстар мектеп оқытушыларының үлкен қолдауына ие. Олардың ойынша, дәл осындай сайыстар балалардың бойындағы техникалық қабілетті дамытады.

 Амангелді Қабдолбариев, қазақ мектеп- гимназиясының технология пәні мұғалімі:
– Осы жыл сайын дәстүрлі өтетін көрмеміз. Білім  басқармасына ризамыз. Осы балаларды қызықтырып, жақсы тәрбиелеу үшін жасалатын нәрсе.
Техника жағынан көрсетуге өз-өзін. Балаларға өте қызықты. Жыл сайын қатысамыз.

Әділ Сатыбалдиев жарыстың бұл түріне алғаш рет қатысуда. Жасөспірім дельто батпырауығын жасап әкепті. Ол ұшқыш аппаратты құрастырудан гөрі, оны аспанға жіберудің қиын тұстары көп дейді.  Дегенмен де, Әділдің батпырауығы 180 метр биіктікке көтерілген екен.
 Әділ Сатыбалдиев,  № 19 орта мектеп оқушысы:
– Бұл сайыс қиын деп айта аламын.
Себебі мұнда батпырауықты жасау, әзірлеу, ұшыру бар. Оны бос аймақтарда ұшыру керек. Әйтпесе, ол сымдарға тиюі мүмкін. Сол жағынан бұл сайыс қиын болды.

Бексұлтан Темірболат батпырауықтардан гөрі планерлерді қызық көреді. Оның ұшқыш аппараттарды жасаумен шұғылданып жүргеніне 1 жылдай болып қалыпты. Жетістіктері де баршылық.

Бексұлтан Темірболат, Тайынша ауданы, Келлеровка орта мектебінің оқушысы:
– Планерді жасауға 2 апта өтті.
Оны жасау оңай. Бірақ клей құрғауы көп уақытты алады. Ең бірінші жеңісім облыстықта ІІ орын, кейін, І орын. Енді мұнда үшінші рет келіп тұрмын.  

Мерекелік шараның екінші бөлімінде жасөспірімдер картингте жылдамдық сынасты.

Виталий Широков, балалар мен жасөспірімдердің «Спектр» клубы құрамындағы картинг клубының жетекшісі:
– Біз «Спектр» жасөспірімдер клубының құрамына кіреміз.
Картинг клубы балаларды 7 жастан қабылдайды. Және 11 сыныпқа дейін машина жүргізуге үйретеді. Бізде 2 топ оқиды. Әрбіреуінде 15 баладан. Жарыстарға ең мықты деп танылған 8 бала қатыса алады.

Мәреге бірінші болып клубтың жаңа мүшесі Жұлдызбек Ермұқанов жетті. Ол болашағынан зор үміт күттіреді.

 Жұлдызбек Ермұқанов, Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектеп оқушысы:
– Мен осы жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын.
Қатысқаныма қуаныштымын. І орын алдым. Бұдан кейін тағы да орындар алып, Қазақстан туын әлемдік жарыстарда желбіретемін деп ойлаймын.


Ұшқыш аппараттарды жасаушылар мен картингисттер дипломдармен марапатталды.

Гүлден Сәрсенбаева