Аптадағы маңызды жаңалықтар

Маусымның бірі – Халықаралық балаларды қорғау күні.

 

 

Балалар үйінің бүлдіршіндері қонақ қарсы алуды жақсы біледі. Әндері де, өлеңдері де дайын. Мереке күні таңертең мұнда облыс әкімі Серік Біләлов бастаған қонақтар келді. Мәртебелі меймандарды қарсы алуға әзірлік ертерек басталыпты. Облыс әкімі бұл жолы да сыйлықпен келді. Өмірдің гүлі – сәбилердің денсаулықтары мықты, көңілдері көтеріңкі болуы үшін тәрбиешілер мейірімдерін аяп жатқан жоқ. Ал мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келеді.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Елбасының қолдауының арқасында өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағы үшін жағдайлар жасалып жатыр. Осы бүлдіршіндер сапалы білім алып, ертең-ақ еліміздің лайықты азаматтары болады деп сенемін.

Балалар үйінің ұжымы облыс әкімінің сыйлығын орналастыратын жерді белгілеп қойыпты. Балалар жиһазы 1,5-2 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленіп жатқан 4-ші топқа қойылады.

Марина Ахметова, Петропавл қаласынағы балалар үйінің бас дәрігері:

– Бұл жерде балаларға тәрбие ғана емес, медициналық көмек көрсетіледі. Жеткіншектердің көпшілігінің орталық жүйке жүйесі зақымданған. Сондықтан, невропатологтар, психолог, массаж жасаушылар бар.  

Бүгінде балалар үйінде 70 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Олар әр мерекені асыға күтеді. Бұл жолы да сәбилерді құттықтап, қуаныштарына ортақтасуға  департаменттер өкілдері, жеке кәсіпкерлер келеді.

Әсем Рахметова

Мерекеге орай облыс әкімі Серік Біләлов облыстық перинаталдық орталықта да болды. Бірінші маусымға қарған түні орталықта 8 нәресте дүниеге келген. Сәбилер де аналарымен бірге өңір басшысының құттықтауларына ие болды.

 

Юлия Бахарева маусымның біріне қараған түні сәбилі болған. Нәрестенің салмағы төрт келі. Ата-анасы кішкентайдың есімін алдын ала таңдап қойыпты. Сөйтіп отбасы екінші балаларының атын Егор деп қойды.

 Юлия Бахарева:
– Мен сәбиімді маусымның бірі дүниеге әкелсем деп қалап едім.
Түнгі он бір жарымда босандым. Ар жағында жарты сағат қана. Қалай болғанда да осы шуақты мерекеде жарық дүниеге келді ғой. Өте қуаныштымын. Айту керек, бірінші баламды он бес жыл бұрын тудым. Ол кез бен бүгінгі күнді мүлдем салыстыруға болмайды. Қазір аналарға да, балаларымызға да бар жағдай жасалып жатыр.

Маусымның бірі облыстық перинаталдық орталықта сегіз бала дүниеге келген. Қазір нәрестелер мен аналарының жағдайы жақсы. Оларды облыс әкімі Серік Біләлов құттықтап, сыйлық тарту етті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Құттықтаймын, бұл сәбилер еліміздің лайықты азаматтары болып өседі деп сенемін, олар ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында дүниеге келіп отыр, мемлекеттің қолдауы арқасында барлық жағдай жасалып жатыр.

 

Жақында перинаталдық орталықтың жанында «Ана мен бала» аллеясының негізі қаланған болатын. Бұл жерге отырғызылған жас көшеттер еліміздің кішкентай азаматтарымен қатар өсіп-жетіліп, тамыр жаятын болады. Ал балаларды қорғау күнінде саябақта мүсіндік композиция ашылды. Ол бұған дейін қалалық мәдениет және демалыс саябағында орнатылған еді. Қала басшылығы ана мен бала мүсінін перинаталдық орталық маңына қоюды жөн деп тапқан. Композицияны жергілікті мүсінші – Светлана Брютова қалпына келтірген.

Айымгүл Әбілева