Қоғам

Атамекеннен жырақта жүрген қазақтар туған елінің жетістіктерін көріп қуанды

 

 

 

 

Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы тәуелсіздік ағаннан кейін 1992 жылы өткен еді. Биыл алыс-жақын шетелдерде жүрген қазақтар Астана қаласында төртінші рет бас қосты. Жиынға әлемнің 35 елінен 350-ден артық қандастарымыз келген. Солтүстік Қазақстан облысынан барған Мүтәллап Қанғожин құрылтайда маңызды мәселелердің талқыға түскенін айтады. Отанымыз бір, сондықтан ұлтымызға қатысты түйіткілдер төрткүл дүниедегі бар қазақты алаңдатады.  Бүгінде Парламентте «Көші-қон туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Елбасы құрылтай делегаттарын ұсыныстар мен өзгерістерді бірлесіп әзірлеуге шақырды. Екінші міндет, «Нұрлы көш» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды қолға алу қажет. Айту керек, жиынға келгендердің басым көпшілігі жастар екен. Мемлекет басшысы оларды тарихи отанында білім алып, қызмет етуге шақырды. Қажет болса, әлеуметтік қолдау да көрсетеміз деді. Ал бұндай мүмкіндікті еліміздің жасай алатынын қандастарымыз жақсы біледі дейді Мүтәллап Қанғожин. Атамекеннен жырақта жүрген қазақтар туған елінің жетістіктерін көріп қуанады. Бүгінде әлемнің 40 шақты елінде 5 миллионға жуық қазақтар тұрады. Жиырма жыл ішінде тарихи Отанына 300 мыңнан астам отбасы, бір миллионнан артық қазақ оралған.

Айымгүл Әбілева