Денсаулық сақтау

“Мен сәбилі боламын”

 

 «Мен сәбилі боламын» фотобайқауы өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға қатысуға 48 болашақ ана ниет танытқан. Олар ең үздік суреттерін жолдапты.

Жанна Маутова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:
– Біз хабарландыру бердік. Бірінші рет өткізіп отырғандықтан байқауға қатысқысы келетіндер аз болатын шығар деп едік. Бірақ болашақ аналар белсенділік танытып, көптеген фотоларын жіберді.  

Жеңімпаздарды анықтамас бұрын болашақ аналарға шағын концерт ұсынылды. «Ашық аспан» балабақшасы тәрбиеленушілерінің өнері жиылғандарды тәнті етпей қоймады.  Болашақ аналардың ішінен ең үздігін таңдау оңай емес, әрине. Сондықтан қазылар алқасы жеңімпазды лото арқылы анықтауды жөн деп тапты. Үшінші орынды жеңіп алған үміткер залда болмай шықты. Ол жақында ғана сәбилі болып, зор қуанышқа бөленген. Екінші орынды перинаталдық орталықтың аға мейірбикесі Динара Омарова иеленсе, Марина Якишина үздік деп танылды.

Марина Якишина, байқау жеңімпазы:
– Қуаныштымын. Жеңімпаз боламын деп күтпеп едім. Бұл менің тұңғышым. Өте бақыттымын. Әрбір әйел ана болуды армандайды ғой.

Жеңімпазға 10 мың теңгенің сертификаты табысталды. Өзге де болашақ аналар сыйлықсыз қалмады.

Айымгүл Әбілева