МТРА жаңалықтары

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 
Кеңес Одағындағы 20-50 жылдардағы саяси репрессия Сталиннің есімімен тығыз байланысты. Тек Қазақстанда ғана осы уақытта жазықсыз 100 мыңнан астам  адам сотталып, олардың төрттен бірі атылып кетті.

НКВД өткізген саяси науқанның қаншалықты ауқымды болғаны енді ғана айқындала бастаған сияқты. Бүгін Петропавлдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанына жиналған жұртшылық облыс әкімі Серік Біләловпен бірге жазықсыз құрбандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. 

Болат Сағындықов,  “Память”қоғамдық қорының төрағасы:
-Репрессия кезінде 40 миллион құрбан болды,  ал Ұлы Отан соғысында 25 млн. Б
ұл да нәубаттың сипатын көрсетіп тұр. Біздің облыста 7 мың адам  жапа шекті. оның 1,5 атылды.

Сталиндік өктем саясаттың тағы бір жазықсыз құрбаны  Жанмұхан Боқатұлы. Ол Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында қарапайым бригадир болып еңбек етті. 1937 жылы оған “Халық жауы” деген айып тағылып, қыркүйектің он бесінде атылады. Ал 5 күннен кейін оның баласы Аманжол дүние есігін ашыпты.  

Аманжол Жанмұханұлы:

-Міне осы жерде НКВД болған. Менің әкемді әкеліп осында атты. Жазықсыз кетті менің әкем. Ол туралы маған анам айтып отыратын.

 Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың да шығармашылық және қоғамдық қызметі осы зұлмат уақытқа сәйкес келді. Елінің бостандығын аңсаған ақын халық жауы атанып, атылды.  Алайда оны кейінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Петропавлдағы Мағжанға арналған ескерткіш жанына да бұл күні халық көп жиналды. Олар Мағжанға ғана емес, сол кезде атылып кеткен Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты халқымыздың біртуар тұлғаларының да рухына тағзым етті.
Еске алу рәсіміне облыс әкімі де қатысып, монументке гүл шоғын қойды.