Білім

“Мемлекеттік тіл-менің тілім”

 

Байқауда сайыскерлердің тіл тазалығына,  сауаттылығына аса үлкен мән берілді. Сондай-ақ тапсырмаларды орындау барысында шығармашылық шеберліктері де сыналды. Бірінші кезең бойынша үміткерлер өздерін таныстырды,  байқауға қатысушылар әу бастан өздерін әр қырынан танытуға тырысып бақты. Біреулері кішкентай көріністерді сахналаса, басқалары ән шығарып келіпті. Екінші айналым “салт-дәстүр, әдет-ғұрып” деп аталды. Онда сайыскер қазақтың 10 мақал-мәтелін жатқа айтып, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқыды. Ал ерекше дарынды жастар өз талантын жұртшылыққа кеңінен паш етті. Наталья Геращенко -өнер колледжінің студенті. Бойжеткен қара домбыраның сүйемелдеуімен Әсет Найманбаевтың “Қысмет” әнін құйқылжыта орындап, бұлбұл дауысымен залдағы тыңдармандарын баурап алды. Наталья байқауға аса үлкен жауапкершілікпен дайындалып келіпті.

 Наталья Геращенко, байқауға қатысушы:
– Мен байқауға көп дайындалдым. Өзімді өлең арқылы таныстырдым. Көп мақал-мәтел жаттадым.

Бұл байқау осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Қалалық мәдениет және тілдер бөлімі қызметкерлерінің айтуынша биылғы сайысқа қатысушылардың құрамы ерекше.

Аян Садаев, қалалық мәдениет және тілдер бөлімінің бастығы:
-Бүгінгі шара тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған. Өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өтіп жатыр. Бүгін 13 үміткер бар. Үміткерлер қала мекемелерінен және студенттер.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың деңгейі өсіп келеді дейді.

 Таңат Сүгірбаев, қазылар алқасының төрағасы:
-Елбасы жолдауында мемлекеттік тілге баса көңіл аударған еді. Ол 2017 жылы қазақстандықтардың 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деді. Ал 2020 жылға қарай ол көрсеткіш 95 пайызды құрамақ. Бүгінгі шараның өзі тілдер аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп отыр.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде тіл байлығымен көзге түскен Петропавл қаласының жұмыспен қамту бөлімінің қызметкері  Алена Богатареваға бұйырды. Ал І орынды кардиологиялық орталық дәрігері Марина Бутина еншіледі.

 Гүлден Сәрсенбаева