Қылмыс

Көл жағасынан мина табылды

 

Пресновка селосының 39 жастағы тұрғыны танк жаратын минаға ұқсайтын екі темір затты Питное көлінің жағасынан тауып алған. Ол бұл заттарды алдымен металл қабылдау орнына өткізбекші болыпты. Бірақ кейін олардың қауіпті болуы мүмкін екенін ойлаған ауыл тұрғыны полицияға хабарлауды жөн көрген. Оқиға орнына Петропавлдан «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің қызметкерлері, жедел тергеу тобы, төтенше жағдай жөніндегі департамент мамандары шықты. Қауіпті заттар қойылған ескі үйді полицейлер қоршауға алды. Инженер-саперлер тобы бірден арнайы құралдармен табылған заттарды тексеруге кірісті.

Қанат Жолдаспаев, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің командирі:
-Табылған заттар танкті жаратын жаттығу миналары болып шықты. Олар адам өміріне еш қауіп төндірмейді.

Оқу-жаттығу жұмыстарына пайдаланылатын миналардың оқ-дәрісі мен тұтандырғышы болмай шықты. Олар енді жойылатын болады.

 Айымгүл Әбілева