Балалар

Балалардың жазғы демалысына әзірлік

 

 

 

  

Маусымның онынан «Березка», «Достық» лагерьлерінде жазғы демалыс маусымы ашылады. Даярлық, жөндеу жұмыстары үшін 29 миллион теңге бөлінген. 10 корпусқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жиһаз, спорттық қондырғылар алынуда.

Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:

-Екі лагерь “Березка” мен “Достықта” 5 ауысым  жұмыс істейді. 2100 бала демалады. Жалпы білім қорынан 12 миллионға 770 жолдама береміз.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының  балаларына тегін жолдамалар қарастырылған. Бұл күндері демалыс орындарында қызмет ететін тәрбиешілер тізімі нақтылануда. Ал облыс орталығындағы 37 мектеп жанындағы 55 алаңқай балаларды маусымның 1-нен қабылдай бастайды. Алаңқайларда балалардың ойын ойнап, демалуына жағдай жасалған. Демалыс орындарының маусымға даярлығын арнайы комиссия анықтайды.

Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:

– Осыған дейін тексеруші органдар қандай жұмыстар атқару керек екендігін көрсетіп кеткен. Енді барлығы жиылып келіп, талаптарға сай ма қарайтын болады.  

Сондай-ақ жазғы уақытта облыс орталығында жасөспірімдер клубтары үзбей жұмыс істейді. Экскурсияға, туристік жорықтарға 5,5 мыңнан аса бала шығады деп жоспарланып отыр. Мәселен, «Планета» туристік орталығы 4 кезең бойынша туристік-орман экспедициясын ұйымдастырмақшы. Яғни, орта және жоғары сынып оқушылары демалумен қатар орман қорғау шараларына қатыса алады. Ал жазда сабақтан қол үзбеймін деушілер үшін «Олимпиада үміттері» интеллектуалдық даму мектептері жұмыс істейді.
Әсем Рахметова