Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Білім

4:05 21 Мамыр 2011

Қалалық жұмыспен қамту бөліміне бос орын ұсынған мекемелер қатары бұл жолы көбірек. Әдеттегідей жүргізуші, дәнекерлеуші, инженер, технологтар керек. Жәрмеңкеге 60-тан аса ұйым қатыспақ болған екен. Іріктелген 33-і бос орындар тізімін әкеліпті.

Абай Қайсин, Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Жәрмеңкеге ұсыныс бергендер көп болды. 33-н таңдадық. Білім беру мекемелері орындар беріп жатыр.

Бұл жолы маусымдық жұмыс ұсынушы компаниялар қатары да көбейген. Жаз келіп, қалпына келтіру жұмыстары жанданды – құрылысшылар мен сылақшыларға сұраныс өскен. Сондай -ақ, мектептер мен балабақшалар педагог кадрлар құрамын жасақтай бастаған.

Вероника Клименко, Петропавл қалалық білім беру бөлімінің менеджері:

-Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерге математика, қазақ, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері керек. 20 шақты адам келіп жазылды. 2011-2012 оқу жылына жақсы кадрлар жинап аламыз деп ойлаймыз.

Мамандарға қойылған талап та өзгеше. Бастысы категорияның жоғары болуы, еңбек өтілінің ұзақтығы. Жас мамандарда бұның екеуі де жоқ.

Самига Зағыпарова:

-Өз мамандығым бойынша, дефектолог, жұмыс іздеп жатырмын. Бар жерде стаж керек.

 
Анаргүл Мұратова:

-Мамандығым бойынша орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімімін. Қазір мектеп жанындағы шағын орталықта жұмыс істеп жатырмын. Мамандығым бойынша жұмыс іздеп едім, категориям бірінші, не жоғары болуы керек екен. Күзге дейін жұмыс табылып қалар деп ойлаймын.

Ал еңбек өтілі бар жұмыссыз жастардың талаптарға сәйкес келмеуінен көп тізімге көз жүгіртумен болды. Қырықтың қырқасынан асқандар орын таңдап жатқан жоқ. Бірақ оларды алуға құлшынғандар аз.

 Анета Панченко:

-Жасым 48-де. Ешқайда жұмысқа алмайды. Біраз жұмыстар бар. Бірақ жасым мен денсаулығыма байланысты ешкім ұсыныс жасамай отыр.


Күлжиян Оразова:

-Біз телефондарын алып хабарлассақ, бірден жасымызды сұрайды. 45-ке дейінгілерді аламыз дейді. Еден жуушы болу үшін жас болу керек екенсің.

Бүгінде қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 150 адам 10 мамандық бойынша қайта даярлау курстарында білім алып жатыр. Бұл жолы жүргізушілер курсына 15 адам жазылды. Ал жәрмеңке барысында 80 адам мекемелерге барып, кадрлар бөлімінің қызметкерлерімен кездесетін болды.

Әсем Рахметова

Бұдан әрі оқыңыз

Колледждерде қабылдау комиссиялары жұмысын бастады
ҰБТ-ға 5 түлек телефонмен кірмек болған
Смирново селосында 2 бірдей мектеп жөнделіп жатыр
Түлектер дипломдық жұмыстарын қашықтықтан қорғауда
Ел бойынша теңдесі жоқ жоба – Петерфельд селосында
Петропавлда ҰБТ-ның 3-ші кезеңі бастау алды
Озық үлгідегі технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
ҰБТ-2020
Мониторингілік топ мектептерді тексерді