Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрі Солтүстік Қазақстанда

 

Асылжан Мамытбековтың сапары Ғ.Мүсірепов ауданынан басталды. Алдымен ауыл шаруашылығы министрі «Вест» серіктестігінің көктемгі егіс жұмыстарымен танысты. Биыл бұл қожалық 20 мың гектар алқапқа егін сеппек. Бүгінге дейін оның 17 пайызы орындалыпты.

 Самат Тасмағанбетов, «Вест» ЖШС директоры:
  – Біздің серіктестік егіс жұмыстарын мамырдың 16 -сы бастады. Қазіргі таңда алқаптарда «Джон Дир», «Бюллер» сияқты 9 себу кешені мен 8 К-700 тракторы жұмыс істеп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл ылғал көп. Бұл бізді өте қуантады.

Былтырғы қуаңшылықтың салдарынан «Вест» серіктестігі әр гектардан орташа есеппен 8 центнерден өнім алған. Осы жылы қуаттылығы жоғары техникалар мен дер кезінде атқарылған технологиялардың арқасында мол астық жинауды көздеп отыр.  Облыс әкімі мен ауыл шаруашылығы министрі «Нежинка-Ерке» қожалығының қырманында да болып, тұқым дәрілеу барысын көрді. Кейін олар өңір диқандарымен кездесті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
  – Биыл Үкімет аграршыларға субсидиялар бөліп, оларға үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Егіс жұмыстарына Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы бойынша 6 млрд. теңге бөлінсе, ауылдық тұтынушылар кооперативтері арқылы 2 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Мұндай көмек ешқашан болған жоқ. Сіздердің алдарыңыздағы ендігі міндет – көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы аяқтау.

Ауыл шаруашылығы министрімен көзбе-көз кездескен өңір диқандары  өз проблемаларын да жайып салды. Қазіргі күнгі басты қиындықтардың бірі жанар-жағармайға байланысты. Себебі ол агроқұрылымдарға уақытылы жеткізілмей жатыр.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
  – 354 мың тонна жанар-жағармай белгіленген бағамен берілді. Алайда көптеген тауарөндірушілер оның құнын уақытылы төлей алмады. Сондықтан айналма қаражаттың жоқтығынан наурыз-сәуір айларында біз кестеден қалып қойдық. Осыны ескере отыра, бұл қаржыны Үкімет бөле бастады. Солтүстік Қазақстан облысы үшін ол 3 млрд. теңгені құрайды. Десек те, жанар-жағармай алуда бірқатар қиындықтар бар. Егер берілген ақшаны биыл уақытында қайтарсақ, келесі жылы бұл орайда проблемалар болмайды.

Диқандар министрге минералды тыңайтқыштарды жеткізуде де қиындықтар бар екендігін жеткізді. Асылжан Мамытбеков алдағы уақытта бұл проблемалар өз шешімін табатынын тілге тиек етті. Республикалық ведомство басшысының теріскейдегі көктемгі дала жұмыстарына көңілі толды. Асылжан Мамытбеков өңірімізге жасаған жұмыс сапары соңында Новоишим селолық округіндегі «Әлішер» фермерлік қожалығы мен «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің сүт кешені жұмыстарымен де танысты.

Ж.Біркенов