Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Бизнестің жол картасы – 2020”

 

 

 

 

 

“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы елімізде өткен жылдан жүзеге асырыла бастады. Біздің облысқа былтыр республикалық қазынадан 562 млн. теңге бөлінген. Бағдарлама аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға және кепілдік алуға төрт кәсіпкер өтініш беріпті. Сөйтіп, бөлінген қаражаттың жартысы ғана игерілген.

Самат Ескендіров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– 2011 жылы бағдарламаның барлық бағыттары бойынша біздің облысқа бір жарым млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.
Бүгінге дейін несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялауға түскен 9 өтінішті қарастырдық. Жобалар бүгінде мақұлданып, республикалық комиссияның қарауына жіберілді.

“Бизнестің жол картасы” – үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру тетіктерінің бірі. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Оның аясында мемлекет отандық бизнес өкілдеріне зор көмек көрсетеді. Кәсіпкерлерлерге несиесін өтеуге жәрдемдесіп, кепілдік береді. Сонымен қатар олар бизнесті жүргізудің қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерін меңгеру мүмкіндігіне ие. Бірақ солтүстікқазастандық кәсіпкерлер бағдарламаға қатысуға асықпай отыр.

 Сергей Чепурко, “Молсервис” ЖШС директоры:
– Біздің кәсіпорын он бес жыл ішінде несие рәсімдеген емес.
Тек “Бизнестің жол картасы” бағдарламасына ғана қатысып, 10 пайыздық ставкамен 100 млн. теңге көлемінде кредит алдық. Жеті пайызын мемлекет қайтарады, кәсіпорын 3 пайызын төлейді. Біз үшін өте үлкен қолдау. Бұл бағдарламаның тиімділігі зор екенін айту керек. Басында “Бизнестің жол картасы” аясында несие алу мүмкін емес сияқты көрінген. Бірақ кепіл мүлік болса, қарызың болмаса, өзге де көрсеткіштерің жақсы болса, бағдарламаның жеңілдіктерін пайдалану әбден мүмкін.

Кездесуде мемлекеттік бағдарламаға қатысу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Айту керек, үстіміздегі жылы бағдарламаға төртінші бағыт енгізіліп отыр. Ол өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге жәрдемдесуді, бизнесті жүргізуде сервистік көмек көрсетуді, кіші және орта бизнес үшін топ-менеджерлер дайындауды және шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынас орнатуды көздейді.

Ирина Суворова,  “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ облыстық филиалының директоры:
– Топ-менеджерлер Назарбаев университетінде дайындалатын болады.
Бағдарламаға қатысушылар тегін оқиды. Төртінші бағыттың тағы бір сатысы – “Іскерлік байланыс” деп аталады. Жоба екі кезеңнен тұрады. Біріншісі бойынша кәсіпкерлерді Қазақстанда оқыту көзделген. Үздік бизнес жоспарлардың авторлары екінші кезеңге жолдама алып, шетелде бизнес жүргізу қабілетін жетілдіреді. Бұл кезеңде олар шетелдік кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады.  

Облыста Назарбаев университетінде оқуға жеті адам ниет танытқан. 11 кәсіпкер іскерлік мүмкіндіктерін жетілдіру үшін шетелге баруға өтініш беріпті. Ал өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 25 мамырдан облыста “Бизнес-Кеңесші” жобасы жүзеге аса бастайды. Оның аясында 538 адам оқытылмақ.

Айымгүл Әбілева