Спорт

Петропавлда кикбоксингтен облыстық чемпионат жалауын көтерді

 

 

 

 

 

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа іріктеліп, сынға түсті.

Сабыржан Сақтағанов, бас төреші:
-Жарыс мықты спортшыларды анықтау үшін ұйымдастырылып отыр. Мұнда Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Мамлют аудандарының және қалалық спорт мектептерінің кикбоксшылары келді. Жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталады.

Ең алдымен шаршы алаңда 39 келі салмақ дәрежесіндегі Болат Жасұзақ пен Александр Зацепин күш сынасты. Тынымсыз жаттығулар нәтижесін беріп, бұл жолы Болат басымдық танытты. Жеткіншектің кикбоксингпен шұғылдана бастағанына не бары 1 жыл. Осы уақыт аралығында ол 7 жекпе-жекке шығып, бес кездесуінде қарсыластарына дес бермепті.

  Болат Жасұзақ, жарысқа қатысушы:
Мен осы жарысқа көп дайындалдым. Мен 1-ші орын аламын деп ойлаймын. Қарсыласым мықты болды, бірақ мен оны ұттым. Ең соңғы 3-ші раундта қиналдым. Ол мықты болды.

Жеңіл салмақтағы спортшылар жекпе-жекке шығып үлгерсе, біршама тәжірибелі, ауыр салмақтағылары қарсыластарының мүмкіндіктерін бақылап, шаршы алаңға шығуға дайындалып жүр. Солардың бірі – М. Жұмабаев ауданының намысын қорғап келген Руслан Атчетыров. 16 жастағы бозбала өткен жылы облыс чемпионы атаныпты. Биыл да сол жетістікке қол жеткізуді көздеп отыр.

 Руслан Атчетыров, жарысқа қатысушы:
Қарсыластар әрдайым мықты болады. Оңай жолмен жеңіске жету мүмкін емес. Көп жаттыққанмын. Тағы бір мәрте облыс чемпионы атану үшін бар күш-жігерімді саламын.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қарағанды қаласында өтетін республикалық жарыста облыстың намысын қорғайтын кикбоксшылар анықталмақ.

Айдана Демесінова