Денсаулық сақтау

Кенелерге қарсы күрес

 

Юбилейная көшесі бойындағы  орманды аумаққа мамандар осымен үшінші мәрте шығып отыр. Осы маңдағы тұрғындардан кене көп деген шағымдар түсіпті. Дегенмен бұл жолы мамандардың  “ақ жалаушыларына” бір де бір жәндік ілікпеді.

 Людмила Савенкова, облыстық сараптама орталығының нұсқаушысы:
-Біз инсекта, эфипромил, бриз, фуфанол және сенозол деп аталатын кенеге қарсы дәрілерді қолданамыз. Тиімділігі бірден байқалады. Мына жерде енді кене қалған жоқ.  

Ауыстырылып қолданылатын 5 түрлі арнайы химикаттың көмегімен мамандар күніне 2 жарым гектар ашық жерді залалсыздандырады. Сондықтан петропавлдықтар үшін кенеден қорқудың реті жоқ. Дегенмен қала шетіндегі осы ауданның тұрғындары орманнан алыс жүруге тырысатын көрінеді.  Ал эпидемиолог мамандар жоламаған ашық жерлерде жағдай мүлде бөлек. Мамандар тілінде “Ақ жалау” деп аталатын  қарапайым мата бұл жағдайда бейбітшіліктің белгісі емес, кенені аулаудың құралы. Мәселен, тазаланбаған  ашық аумақта не бары 5 минуттың ішінде 20-ға жуық кене ұсталды. Яғни, осындай орманды жерде серуендеп келген соң үстіңізден кене табылуы ғажап емес. Демек, залалсыздандырылмаған 1 шақырымдық жерде 100-ден артық кене мекендеуі мүмкін. Негізінен олардың белсенділіктері кешкі уақытта басталады. Сондықтан орманға серуенге шығар алдында міндетті түрде қауіпсіздік шараларын еске алған жөн.

Татьяна Краснова, СҚО бойынша МСЭҚД бөлім бастығы:
іздің жақта кенелердің ауру тасымалдаушы түрлері мекендейді. Бірақ олар аса қауіпті емес. Бастысы орманды жерде жабық киім киіп, жәндіктерге қарсы май жағып шығу қажет.  

Адамды кене шаққан кезде дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, әлсіздік, кейіннен қызыл бөртпелер пайда болады. Ауру 10-12 күнге дейін созылуы мүмкін. Сондықтан денеде кене табылған жағдайда бірден дәрігерге қаралған жөн. Аталған алдын алу шараларын мамандар әлі 3-4 рет өткізу керектігін айтып отыр.

 Кәусар Аяпбергенқызы