Балалар

Қайырымдылық сеансы

 

 
Тау-тастың арасынан өтіп, ағып жатқан сарқыраманың суына шомылу, мультфильмдерде ғана өмір сүретін әдемі жануарларды көзбен көру. Сәуірдің 1-нен бастап “Рахмет” сауда үйіндегі кинозал өз қонақтары үшін осындай ғажайып әлемге есік ашты.

 Әсия Әбрелева, кинозал менеджері:
– Біздің кинозалымыз қалада жалғыз. Мұнда 5Д форматында фильм көрсетіледі, ішінде қозғалатын креслосы бар және стерео көзілдірік  киіледі. Балаларға бұл өте ұнайды.

Ашылған күннен бастап кинозал көрермендерге үнемі толы. Оның интернат тәрбиеленушілеріне арналған бұл жолғы сеанстары тегін өтуде. Қайырымдылық шарасын «Жүректен жүрекке» акциясының аясында «АДОН-Север» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған.

Роза Есманова, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың сыныптан тыс жұмыстар жөніндегі орынбасары:

Мұндай сыйлық жасағаны үшін алғыс білдіреміз. Балалар осындай қызықты фильм көреміз деп ойлаған да жоқ еді. Бәрі өте риза. Мұнда оқуда ерекшеленген оқушыларды әкелдік.

Шағын кинозал барлық қауіпсіздік талаптарына сай. Сыртта ілінген теледидардан іште отырған көрермендердің әрекеттерін бақылауға болады. Олар қорыққан жағдайда киноны тоқтататын арнайы батырма бар. Ал қозғалмалы креслоға жайғасқан бүлшіршіндер шаттана күлмесе, ешбірі шошыған жоқ.
«Жүректен – жүрекке» акциясы мамырдың соңына дейін жалғасады. Оның аясында киноны тегін тамашалау мүмкіндігіне қаланың бірнеше білім ошақтарының озат оқушылары ие болады.

 Кәусар Аяпбергенқызы