Құқық қорғау органдары

Жолсерік заңсыз тауар тасыған

 

 

 

№ 305  “Бішкек-Свердловск” бағытындағы жолаушылар поезы мамырдың 4-нен 5-не қараған түні Петропавл станциясының темір жол вокзалына аялдады. Әдеттегідей облыс аумағы арқылы Ресейге бет алған әрбір теміржол нысаны талапқа сәйкес шекаралық және кеден қызметкерлерінің тексерісінен өтті. Құзырлы орган мамандарының тінтуінен соң  поездың 8-ші вагоны сапарын әрі қарай жолсеріксіз жалғастырды. Өйткені сезікті қызмет бабын пайдаланып, Қазақстан аумағы арқылы Ресейге контрафактілік тауар алып өтпек болған. Жарты млн теңгеге бағаланған халық тұтынатын тауар енді діттеген жеріне емес, тәркіленіп, облыстық кедендік бақылау департаментінің қоймасына жеткізілді.

Бауыржан Асылбеков, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің контрабандамен күрес басқармасының аға маманы:
– Бұл заттарды – әйелдер мен ерлердің жазғы киімдері және әйелдердің сөмкелерін –  Қырғыз елінің азаматы және осы пойыздың жолсерігі жасырын түрде Екатеринбург қаласына өткізбекші болды. Тауарды жататын матрастардың ішіне, және вагонда кетіп бара жатқан жолаушылардың киімдерінің арасына салған.  

Шетелдік декларацияланбаған жүгінен айырылып қана қоймай, 15 мың теңге  айыппұл төледі. Араға бір тәулік салып, облыс кеденшілері дәл сол бағыттағы жолаушылар поезынан тіркеуден өтпеген заңсыз тауарды тағы тәркіледі. Оған қоса 590 мың теңгенің балалар аяқ киімінің ешбір сапа құжаттары болмай шықты. Заңсыз кәсіппен ақша табуды көздеген бұл   тауардың иесі де Қырғыз елінің азаматшасы.

Бауыржан Асылбеков, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің контрабандамен күрес басқармасының аға маманы:
 -2-ші факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жіберілді. 429- баптың 1-тармағына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Заңсыз тауар мемлекет қазынасына тәркіленді.  

Бұл жыл басынан бері тіркелген еліміз арқылы халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдаудың алғашқы фактілері.

 Жеңіс Ермұқанов