Мәдениет

Қолданбалы қолөнер бұйымдары көрмесі



Суық батик техникасы негізінде безендірілген  жібек маталар Елена Елизарованың төл туындылары. Ол бұл көркем боди-арт стилін 8 жыл бұрын меңгеріп алған. 10 саусағынан өнер тамған шебер сонымен қатар көрмеге флористикалық туындыларын да ала келіпті. Көздің жауын алатын керамикалық әшекей бұйымдар талғампаз сәнқой қыздарды бей-жай қалдырмасы сөзсіз.

  Елена Елизарова:
– Батик технологиясы негізінен нәзік жандарға жақын стиль. Мен бұл еңбектерім арқылы ішкі жан дүниемді сыртқа шығарамын. Көңілім жақсы болса, жұмысым да ашық түстерге, гүлдерге толы болады. Шығармашылықпен айналысқанда мен қиялға беріліп тыныштыққа бөленуге тырысамын. Өстіп дем алып жаңа туындыларды шығаруға оң әсер алып, қуаттанамын.  

Қыздың көзі – қызылда. Көрмеге еңбектерін қойған қол өнер шеберлерінің барлығы нәзік жандар. Сондықтан болар әсемдік пен махаббаттың нышанына айналған алқызыл раушан гүлдерінсіз безендірілген туындыны іздеп жүріп таба алмайсың. Дей тұра әрбір композиция өзіне бөлек ерекше нақышта орындалған. Материалдары да сан қилы. Қылқалам бояулары, мата, киіз, саз, моншақ, тіпті үгітілген қиыршық тастардан өрілген қолданбалы қолөнер бұйымдарын кездестіруге болады.

 Жанна Сивоздрав:
– Менің композицияларым абстрактілі, петрогливті қиялдың үйлесімді жиынтығынан құрылды. Көктемнің қызғылт, сары, жасыл, көгілдір  ашық түстерін жиі пайдаланамын. Мына еңбектерімнің барлығы ұсақ тас бөлшектерін желімдеу арқылы дүниеге келді. Бұл шыдамдылық пен ынта, күш- жігерді, тиянақтылықты талап ететін әуестік.  

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылған көрмеге қойылған жергілікті шебер азаматшалардың әсем туындыларын айдың соңына дейін тамашалауға болады.

Жеңіс Ермұқанов