Денсаулық сақтау

Бассейн және төрт спорт залы – мүгедек балалар үшін

Жүзу бассейні ауруханада әуелден болған, тек енді ол дамуы баяулаған, сондай-ақ тірек-қимыл жүйесінде ақаулары бар балаларды сауықтыруға ылайықталып, қайтадан күрделі жөндеуден өтті.

 

60-70 градустық суда олар өздерін еркін ұстап, ауада жасай алмайтын қимылдарға үйрене алатын көрінеді. Кей мүгедек балалар тіпті жүзуді де үйреніпті. Тек бассейннен бұрын олар алдымен саунаға кіріп жылынып шығады.

 Елена Рыкова, облыстық балалар ауруханасындағы сауықтыру бөлімшесінің дәрігері:
 – 60-70 градустық саунада балалар 2-3 минут отырады. Жылы температурада дененің буындары тез икемге келіп, түрлі жаттығуларды жасай алады. Мұнда негізінен тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған мектеп-интернат балалары келеді .

Ал 1 жасқа дейінгі сәбилер жүйке жүйесін дамыту үшін  «Жұмсақ бөлмеге» келіп, түрлі тыныштандыратын ем алады. Әдемі әрі жаңа ойыншықтар баланың көңілін аулап қана қоймай, қимылын жетілдіреді. Ал 2-ші емдік шынықтыру залы 1- 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің қозғалыстарын дамытып, денелерін ширату үшін жабдықталған. Церебралды сал ауруна шалдыққан 3 жасар Дима үш айда бір рет түрлі-түсті етіп безендірілген мына бөлмеде ем алып тұрады.

 Ирина Харитонова:
– Біз үшін мұның бәрі маңызды. Жамбыл ауданынан жылына 4 рет келіп тұрамыз. Сәбиіме септігі тиіп қалар деген сенімім мол.

Келесі 4-ші бөлмеде 7-ден 14 жасқа дейінгі балаларға арнайы құрылғылар орнатылған. Ал кішкентай Матвей мұнда қозғалысын қалыпқа келтіру үшін келеді. Анасының айтуынша бұл аппараттың көмегі зор.

 Екатерина Андреева:
Біз мұнда туғаннан келіп жүрміз. Дәрігерлер баламның қалыпқа келуі үшін бар жағдайды жасайды. Соның арқасында кей қимылдарды жасай алатын болды.

Ең бастысы, сал дертіне шалдыққан солтүстікқазақстандық сәбилер үшін бұл жаттығулардың бәрі тегін. Алдағы уақытта ауруханада науқастарды тәулік бойы бақылап отыратын кабинет ашу да жоспарланған.

Кәусар Аяпбергенқызы