МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы Жеңіс күні мерекесі (Арнайы хабар)

 

 

 

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 66 жыл. Бұл жеңіс – халқымыздың өшпес ерлігі мен ерен еңбегі. Бұл күнді қан майданда қайсарлықпен күрескен ардагерлер тойлайды, бұл мейрамды қажырлы еңбегімен жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлері тойлайды, Ұлы Жеңіс күнін сұрапыл соғыс жөнінде ата-әже әңгімесінен, кітап№ теледидардан қанық бүгінгі ұрпақ тойлайды.
Әлбетте, майданның алғы шептерінде шайқасқан ардагерлер үшін бұл күннің маңызы айырықша. Сондықтан Ақтай Кәкеновтың жүзінен толқу мен қуаныш сезіледі. Ол Жеңісті Берлинде қарсы алған. Бұл ең бақытты күн еді деп еске алады қарт майдангер.

  Ақтай Кәкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Таңертең Жеңіс деп жариялады. Барлығымыз қалтадағы патрондарды аспанға атып-атып тастадық. Қуанышта шек болмады.  

Қарт майдангерлер бүгінгі ұрпақ үшін қайсарлық пен батырлықтың үлгісі. Отан қорғау жолында  кеуделерін оққа тосқан соғыс куәгерлері бейбіт өмірді сақтауды аманат етеді ұрпаққа.

  Назымбет Зікірин,  Ұлы Отан соғысының ардагері:
Бүгінгі күні жастарға оқу оқып, жұмыс істеуге бар жағдай жасалып жатыр. Енді соны дұрыс пайдалану керек. Жастар біздің ізімізді қуып, жақсы қызмет етіп, жұмыс істеу керек.

Ұлы мейрам күні мәңгілік алау жанына жиналған халықтың қарасы қалың. Олардың әрбірі елін, жерін жаудан қорғаймын деп мерт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бүгінде көзі тірі соғыс батырларына бас июді өз борышы санаған. Жиналған қауымды Ұлы мейраммен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне үнемі қолдау көрсетуде. Жеңіске жетуде ерлік көрсеткен солтүстікқазақстандықтардың орны ерекше. Сіздердің ұлы ерліктеріңіз бен еңбектеріңізге әрқашан бас иеміз. Ардагерлер – тәуелсіздігімізді нығайтуда, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі біздің сенімді тірегіміз. Сіздерге ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға және туған-туысқандарыңызға амандық тілеймін. Аспанымыз ашық, қасиетті жерімізде әрдайым бейбітшілік болсын!

Батыр аталарының дәстүріне берік бүгінгі Отан қорғаушылар абыроймен қызмет атқаруда. Олар аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегін жоғары бағалайды.

 Мұратбек Зейнуллин,  СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы:
– Біздің міндетіміз – отансүйгіш жастарды, патриот жастарды тәрбиелеу. Сіздердің ерліктеріңіздің алдында бас иеміз.

Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді бүкіл ел болып бір минут үнсіз тұрып еске түсіреді. Бір минуттық үнсіздіктен кейін қалың жұртшылық мәңгілік алауға бет алды. Лекті облыс әкімі бастады. Тұрғындар   ержүрек жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Петропавл әскери гарнизонының шеруі өтті. Сап түзеген әскерилерді соғыс ардагерлері мен жұртшылық қошеметпен қарсы алды. Бұл күнді балалық шақпен ерте қоштасып, жеңіс үшін тылда аянбай тер төккендер де асыға күтеді. Еңбек даласында жұмыс істеген әйелдерсіз, балалар мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді? Қапаш Аушақымов еңбекке сегіз жасынан араласқан. Ол тылдағы халықтың иыққа түскен ауыртпалықты төзімділікпен көтергенін айтады.

  Қапаш Аушақымов,  тыл еңбеккері:
-Сол уақытта тылдағы адамдар күндіз-түні еңбек етті. Әйелдер, жас балалар, қарттар, майданнан жараланып келген жауынгерлер жұмыс істеді. Осылайша майданға көмек көрсеттік.  

Алаңға келген жастардың қатары қалың. Бұл балалар – Отан үшін соғысқан ерлердің ұрпағы. Олар бейбіт күннің астында, егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иіп, шынайы алғыстарын білдіреді.
Бұл күні сахнада соғыс жылдарындағы әндер әуеледі. Жиналған қауымды ардагерлер хоры қуантты. Сондай-ақ бұл күні тұрғындар солдат ботқасынан да дәм татты.Бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елде, бейбіт аспан астында татулық пен береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Осы бақытты күндерді сыйлаған, ел ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, зұлмат соғыста қаза тапқан батыр жауынгерлер ешқашан ұмытылмақ емес. Олар жасаған Ұлы ерлік ұрпақ есінде мәңгі қалмақ.

  

Орталық алаңда қарт майдангерлер ҰОС жылдарындағы әндерді тыңдады. Соғыс пен тылдағы еңбектен сыр шертетін көріністерді, жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады. Бұл жерде спорттық ойындар да ұйымдастырылды.

   

 Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майданға аттанды. Бұл 1 млн. 700 мың жауынгер. От пен оқтың арасына кірген отандастарымыздың 600 мыңнан астамы кескілескен шайқастардан оралмады. Осылайша қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Бұл күн халқымыздың тарихындағы қаралы бет қана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып сақталып қалмақ. Биыл бейбітшілік алауының жанып тұрғанына 66 жыл. Орталық алаңға жиналған кейінгі буын ашық аспан сыйлаған қарт майдангерлерге құрмет көрсетті. Сұм соғыстың зардабы мен орындалған арманның, бақытты да жарқын болашақтың көрінісін шебер қоя білген сахнагерлер жұртшылықтың  ілтипаты мен қошеметіне бөленді. Ардагерлер сұрапыл соғыс жылдарында кең таралған сүйікті әндерін тыңдап, бір марқайып қалды. Концерт тамашалаған қариялардың жүректері шаттанып, жүздерінде бір сәт жастық нұры ойнады. Кішкентай Лерада бүгінгі күннің маңыздылығын түсінетіндей. Өз қолымен көктемнің алғашқы гүлдерін теріп, соғыс ардагері Петр Балашовқа сыйлады. Бүгінде сексеннің бесеуіне иек артқан Петр Иванович жастардың құттықтауларына бөленді.

Петр Балашов, ҰОС ардагері:
  Бізге өмірдің бейнеті мен зейнетін көруге жазды. Бүгін бақытты ғұмыр кешіп келемін. Ал 40-шы жылдары бұның бәрін көре алмай құрбан болып кеткендері қаншама. Бақытты болашақ үшін жан қиған боздақтарға тағзым ету керек.

Әуеде ұшқыш, жерде танкист пен жаяу әскер ұлы жеңіс жолында жаумен алысты. Сол отты жылдары “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін” деген ұранмен  еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің де қаһармандық істері ұмытылмақ емес.

  Дүйсен Оразбаев,  тыл еңбеккері:
Соғыс аяқталғанша өгіз айдап бейнет көрдік. Біздің көргенімізді сендер көрмеңдер.  Барлық қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын.  

Ер есімі – ел есінде! Тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады.

Тұрғындар:
– Бүгін өзіміз қайғылы жағдаймен келдік. ҰОС ардагерін жерлейік деп. 90-ға  келген ағамыз Ғалым Бұқтыбаев қайтыс болды. Жеңіс бәрімізге құтты болсын, осындай қайғылы жағдайлар болмасын. Қалған өміріміз тек осындай жақсылықпен өтсін.
– Олардың қатары бүгінде тым азайып кетті. Сол кісілерге тағзым етуге келдік.
Менің анамның 5 ағасы қаза тапты.  Осындай тамаша шараларды көрген жастардың бойында патриоттық сезім қалыптасуға тиіс.  

Ел басына қара бұл үйірілгенде жауынгерлер бір ананың балаларындай Отан деген ыстық ұғыммен жігерленіп, қарсы келген дұшпанға қаймықпай тойтарыс берді. Батыр аталардың игі ісін бірлігі жарасқан бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында лайықты табыстармен жалғастырып келеді.  Шығыс жекпежегінің шеберлері қадірменді ардагерлерді  өздерінше құттықтады. Тәуелсіздіктің құрдасы Нұрсұлтан Илюбаев –  соңғы әлем біріншілігінің жеңімпазы. Қара белбеу бірінші дан иегері қатарластарымен үйлесімді қимылдар жүйесін ардагерлердің құрметіне арнады.

  Нұрсұлтан Илюбаев, таэквандодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Мен соғысқа қатысқан атамның үмітін ақтау үшін осы спортқа келдім. Қазіргі бейбіт өмірде ел намысын асқақтатып жүргеніме қуаныштымын. Мен осылайша Отаныма деген сүйіспеншілігімді, ардагерлерге деген құрметімді көрсетуге тырысамын.  

Ержүрек жауынгерлерді үлгі тұтар  ұрпақ мерекелік концертке көптеп жиналды.  Тәуелсіз ел жастарының тілегі бір – ардагерлер сыйлаған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап еліміздің гүлденуіне атсалысу.

Жастар:
– Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына 66 жыл толды. Жеңіс күнінің қадірі бәрімізге тым қымбат. Бүгінгі мамыражай, тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірліктің нәтижесінде келді.
– Бейбіт аспанда өмір сүріп жатқанымыз  – ардагерлердің арқасы. Біз жастар елдің гүлденуіне өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
-Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған жауынгерлерді мәңгі есте сақтаймыз. Отан үшін отқа түсіп қан майданнан аман оралған ардагерлердің алдында бас иеміз.

 
 

Соғыс даласынан қайтпаған жерлестерімізді еске алушылар Жеңіс саябағына да жиналды. Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс құрбандарына тағзым еткендер Жеңіс стеласына гүл шоқтарын қойды.  

 

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында көпшіліктің қолдауымен жаңартылған саябақ бүгін халық нөпірі қалың орын. Мыңдаған солтүстікқазақстандық бұл жерге елге қайтпаған жауынгерлерге тағзым етуге келді. Бұл ортақ қасірет, ортақ жеңіс. Ұлы жеңістің маңызы жыл өткен сайын артпаса кемімейді. Себебі еліміздегі әр отбасы соғыс ауыртпалығын басынан өткізді. 1 миллион 700 мың қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы ғана елге оралды. Бүгінгі Жеңіс стеласына гүл әкелгендер осы соғысты көргендер, қасіретті естіп өскендер. Сол соғыста жанын беріп елін қорғаған батырлардың ұрпақтары.
Мәскеу түбінде, Станинград майданында, Курск доғасында, Украина мен Белоруссия  жерінде  біздің   жауынгерлер  қайтпас қайсарлық танытты. Жаңа туған бала әкесін көрмеді, ана жесір атанды.

  Мырзаш Сүлейменов, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Әкемді көргем жоқ. Менің тоғыз айымда кетіпті.

Сағдат Өркешов әскерге алынғанда 17 жаста еді. Ауылдан ұзап шықпаған бозбала Сталинград шайқасына кірді. Көргені окоп, қырғын, жолдастардың өлімі. Сенгені елінің ертеңі.  Аналар барын балаларының аузынан жырып, майданға жөнелтті. Зауыттар күні-түні жұмыс істеп, «Бәрі де майдан» үшін тапсырмасы орындалып жатты. 1945 жылы облыстағы өндіріс көлемі майданға дейінгі уақытпен салыстырғанда 3,5 есеге артыпты. Әрине станок басында, егіс даласында ер азаматтар емес, кәрі құртаң, әйелдер, жас балалар еңбек етті. Жеңіс саябағындағы әскери шатыр, соғыс техникасы, көліктер өткен күнді көз алдыңа әкеледі. Арнайы әзірленген солдат ботқасы да мерекенің дәстүрлі асына айналған. Петропавл құрылыс -экономика колледжінің ұжымы мерекеде ботқа таратып, ардагерлерге тік тұрып қызмет етті. Жауынгердің іштегі шері, елдегі жардың сағынышынан талай әндер туды. Сол әндер бүгінде халық аузында. Бейбіт күнде аспанға қалықтайды.  Нәубетті басынан өткізгендер бейбітшіліктің қымбатқа түскенін жақсы біледі.       Ұлы отан соғысында 59 солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. 11 адам 3 дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлері атанды. СҚО майданға 70 мыңнан аса адам аттанған, 32 мыңы оралмады. Яғни, бұл соғыстың әр отбасына қатысы бар. Ендеше бұл соғыс ешқашан ұмытылмақ емес.

  

Ұлы Жеңістің 66-шы  арайлы таңын облыстағы 336 қарияның 107-сі денсаулықтарына байланысты үйлерінде қарсы алды. Солардың бірі  Серік Смағұлов бұл күні Жеңіс мерекесімен қатар өзінің торқалы 90 жылдық мерейтойын тойлауда. Қос мерекемен қарияны туғандарымен бірге облыс әкімі Серік Біләлов, сенатор Анатолий Башмаков пен ғарышкер-ұшқыш Александр Викторенко да құттықтады.

Тоқсанға толған қария 9-мамырды өзі дүние есігін ашқан күн емес, Жеңіс туы желбіреген бақыт күні деп біледі. Ел басына күн туған 1941 жылы ол бірден өршіп тұрған от ортасына, Сталинград шайқасына түседі. Қайсар автоматшы, кейін барлау бөлімшесінің командирі 1-2 Украин, Забайкалье майдандарында  жаумен арпалысып, күллі Ресей жері мен Украина, Белоруссия, Польшаны жүріп өтеді. Ал жеңіс жаңғырығын ол Германия түбінде жүріп естіген екен.
Сол зобалаң жылдардан қарияның есінде қалғаны шамалы. Есесіне 3 рет жараланған жауынгердің денесінде жау оғы қалыпты. Ал оның жанкешті ерлігінің марапаттары – “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалі, 1-ші  дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Ленин ,  Қызыл жұлдыз    3-ші дәрежелі Даңқ ордендері.  
Сый-сияпат пен жылы тілектер Анна Березанскаяға да арналды. Денсаулығының сыр беріп, көптің қуанышына ортақтаса алмағанына қария өкінбейді. Үйіне құттықтай келген сыйлы қонақтардың ниетіне ол риясыз қуанды. Майданға Анна Березанская өз еркімен 17 жасында сұраныпты. Мұным үшін еш өкінген емеспін дейді өзі. Жас та болса өжеттікпен жасаған қадамы оның бар өмірін өзгерткен екен. Мерген қыз   1 Украин майданы құрамында шайқасқан. Дәл сол маңда 314-ші  атқыштар дивизисында оның болашақ жары Борис Григорьевич те жаумен алысыпты. Тек онымен Анна Ивановна бейбіт күнде, Петропавл қаласында танысқан екен. Ал 1945 жылдың 9 мамыры өкінішке қарай  оның есінде қалмапты. Қазір көбі ұмытылып, негізінен соғыста көрген сұмдықтар есімде мәңгі жазылып қалыпты деп күрсінеді әжей. Сондықтан бүгінгі елдегі ынтымақ пен бірліктің бағасын Анна Березовская жақсы біледі.

 

 Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы Жеңіс мерекесінде қала тұрғындарына ал қызыл қалампыр гүлдерін сыйға тартты. Жеңістің белгісін кеудесіне қондырған жерлестеріміз осылайша Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне өз ризашылықтары мен шексіз алғыстарын танытты. Сондай-ақ мұражай маңында батыр солтүстікқазақстандықтарға арналған көрме ашылып, қаланың ең кішкентай тұрғындары Жеңіс тақырыбындағы суреттерін салды.
 

 

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдына 1941-1945 жылдардың шежіресі қайта оралғандай. Ұрыстан келген жауынгерлер мен санитар қыздар ошақ маңына жайғасқан.  Әлия Үсеинова бүгін санитар қыздың ролінде. Майдан даласынан жаралы қайтқан жауынгерге  алғашқы көмек көрсетуде.

Әлия Үсеинова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсоводы:
– 9 мамыр мерекесінде біз де ата-әжелеріміздің бір күнін көрсетіп жатырмыз. Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген медбикелер жараланған жауынгерлерді алып шыққан майданнан. Осындай  ерліктері ешқашан да ұмытылмайды.  

Миллиондаған адамның өмірін қиған зұлмат жылдар артта қалды. Биыл жеңімпаз елдің ұландары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 66 таңын тойлауда. Жарқын мерекені әкесінің туған қаласында атап өтуді Светлана Шаталова азаматтық борышы санайды. Сондықтан  Омбы қаласынан әдейі келіп,   Кеңес Одағының батыры Александр Матвеевтің шөберелеріне оның ерлігі жайлы әңгімелеп берді.

 Светлана Шаталова:
-Сол уақыттан бері талай жыл өтсе де, біз отбасымызбен әкемнің ерлігін мақтан тұтамыз. Ұлы мереке күні әкемнің туған қаласына арнайы келдім. Бүгін менің шөберелерім де ұлы аталары сияқты ержүрек азамат болып өскенін қалаймын.

Мотоатқыштар батальонының командирі Александр Владимирович Батыс,Б беларусь  майдандарында  соғысып, Сталинград шайқасына қатысқан. 1945 жылы Берлинді алды. Кішкентай Богдан мен Соня аталарының батыр істерін жалғастыруға дайынбыз дейді.  Ұлы Отан соғысы ардагерінің фотосуреті бүгін өзге батыр солтүстікқазақстандықтармен қатар ілінген. Тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері мереке күні соғыс даласынан табылған мина сынықтарын, граната, мылтықтарды да көрмеге шығарған. Тек бейбіт күнде олардың қажеті жоқ – темір қару-жарақ сол жылдардан қалған жәдігер ретінде сақталуда.

Тұрғындар:
-Жастар бейбіт өмір сүріп жатыр.  Ешқандай соғыс болмасын. Еліміз тыныштықта өмір сүрсін. Еліміз көркейіп жатыр, солай көркейе берсін.
– Қаншама жас жанын пида қылып, осы бізге бостандық әперу үшін еңбек етті. Тылда болған адамдар да бәрі соғыс үшін, жеңіс үшін деп, күндіз-түні жан аямай қызмет істеді. Сол бірлік болғаннан кейін бейбітшілік, жеңіс болды. Біз тірі болғанымызға, осы өмірге келгенімізге риза болып, соғысқа қатысқан, тылда жұмыс істеген адамдарды алақанымызға салып, бағып, қағуымыз керек. Әттеген-ай дегізетін жері сол, ардагерлердің қатары азайып келеді.
– Айтқым келетіні – енді бұндай соғыс болмасын!
Соғыс деген қайғы мен қасіырет. Мына соғыс әр шаңыраққа кесірін тигізді. Бала бесігінде шырылдап қалды, ата-әкелері соғыста оқтан қаза тапты. Соғыста барымызды жоғалттық. Бірақ, бүгін бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз. Осылай жалғаса береді деген ойдамын.

Балта Жәпішов мамыр мерекесінде соғысқа қатысқан әкесінің рухына құран бағыштап, жеңіс күнін жыл сайын атап өтеді. Өйткені бүгінде 17 немересінің барлығы бейбіт аспан астында баянды ғұмыр кешуде.

Балта Жәпішев:

Әкем барып келді соғысқа.  1943 жылы жараланып қайтып келді. Енді сол кісі әперген жеңістің арқасында өмір сүріп жатырмыз. Солардың арқасында міне немерелі болып жатырмыз. Еңбек етіп, пенсияға шығып елқатарлы өмір сүріп жатырмыз. Енді соғыс болмасын. Ешкім қайғы тартпасын.

Бұл күні мұражай қабырғасы түрлі-түсті суреттерге толды. Ұшақтар мен жау танкісі бейнеленген бірер   туындыдан өзгесі – 9 мамыр, жеңіс, бейбітшілік тақырыбына арналған. Қолдарына қалам алған  балақайлар  Жеңіс жауынгерлерінің шөберелері. Аға буын өкілдері кейінгі ұрпақ батыр аталарының ерлігін ұмытпауы тиіс дейді.

 Тұрғындар:

-Шүкір міне осындай өмірді көріп жатырмыз. Балаларға айтып отырамын әкем соғысқа қатысқан деп. Ардагерлерді ұмытпау керек деп айтып отырамын балаларға. Біз картайып келе жатырмыз. Немерелеріміз келе жатыр. Соларға айтамыз, сыйлап жүріңдер деп.  

Шуақты мерекеде қала тұрғындары Қазақстан Конституциясы көшесіне мыңдап ағылды. Біреуінің әкесі соғысса, екінші біреудің атасы жеңіс үшін жанын пида етті. Бүгін мерекені тойлауға келгендерге  ал қызыл қалампырлар таратылуда.

Гүлнұр Зейнелғабиденова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
-Қызыл қалампыр гүлдерін жасап жатырмыз. Қала тұрғындарына көрсетіп, тағып береміз. Қаласа, көрсетіп, жасап береміз, бұл бейбітшіліктің жақсылықтың белгісі деп.  

Жеңіс пен отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісіне айналған қызыл қалампыр шоғын мерекеге шыққан жерлестеріміздің әрбірі өз кеудесіне тағуға  асық. Өйткені – Ұлы Отан соғысы еліміздегі бірде бір отбасын айналып өтпеді. Ендеше Жеңіс күні баршамызға ортақ қасиетті де қасіретті мереке.

Айымгүл Әбілева, Жеңіс Ермұқанов, Әсем Рахметова,  Кәусар Аяпбергенқызы,  Гүлмира Шоқтыбаева