Әр түрлі

Киров атындағы завод ұжымы ардагерлерді құттықтады



 

Бүгін Киров атындағы зауытта Ұлы Отан соғысында қаза болғандар еске алынды. Жыл сайынғы дәстүрлі шараға осы өндіріс орнында еңбек еткен тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлері келді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның ардагерлер кеңесінде   7 майдангер мен 300-ге жуық тыл еңбеккері тіркелген. Қарияларды жеңіс күнімен зауыт басшылығы құттықтады. Дәстүр бойынша аға буын өкілдері соғыста көз жұмғандарға арналған ескерткіш алдына   гүл шоғын қойды. Кейін кәсіпорынды аралап, өндіріс орталығының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Жастық шақтарын еске алып, бір шаттанып қалды.

  Сания Юсупова, тыл еңбеккері:
– Мен осы зауытқа 15 жасымда келдім. Ол кезде мені жұмысқа жарамайсың, кішкентайсың деп алғылары келмеді. Сонда табандылық танытып аз күндерден соң 16-ға толатынымды айтып, кетпей тұрып алдым.

  Михаил Чекунов, Ұлы Отан соғысына қатысушы:
Мен зауытқа келгенімде дәнекерлеуші ісін атқардым. Уақыт өте келе шебер, аға шебер, кейін технолог та болдым.

Тыл еңбеккерлері зауыттың қазіргі жұмысын бұрынғымен салыстыра алмады. Көп техника алға өрлеп, барлық жұмыстар автоматтандырылған. Мәселен, бір ай бұрын әкелінген лазерлық кешен қарияларға мүлдем таңсық. Ал оның ерекшеліктерімен қонақтарды мұндағы мамандар таныстырды.

  Дмитрий Титов,  «Киров атындағы зауыт» АҚ инженер – технологы:
 – Жаңа жабдық өте ыңғайлы. Онымен жұмыс істеу қиын емес. Бастысы компьютер бағдарламасын білсең болғаны.

Аға буын өкілдері  заманауи құрылғыларды тамашалап, зауыт қызметкерлеріне дәл осындай толағай табыстар мен сәттілік тіледі.

Гүлден Сәрсенбаева