Құқық қорғау органдары

Ардагерлер кеңесіне мерекелік сыйлық

Облыстық ішкі істер департаментінде соғысты көрген 700-ден аса ардагер қызмет еткен. Бүгінде олардың 15-і  ғана тірі. Облыс полицейлері ұйымдастырған салтанатты шараға осы ардагерлер жиналды. Таяққа сүйенген қариялар қолға қару алып, соғысқа кірген кездерін жіпке тізгендей естеріне алады. Зұлматтың әр күні олардың жадында жаттаулы. Ал буындары қатпай өгіз айдап, еңбекке араласқан балалардың өздері бүгінде сексенге жақындаған. Бұл күнді көре алмай көз жұмғандар қаншама. Олардың есімдері департамент алдындағы Даңқ мемориалына қашалған. Жиналғандар қызметтік міндетті орындау кезінде қаза тапқандарға қойылған ескерткіш пен Ұлы Отан соғысына қатысқан миллиционерлерге арналған Даңқ мемориалына гүл себеттерін қойды. Аспанға оқ атылып, Ұлы Жеңістің 66 жылдығын көре алмай көз жұмғандар бір минуттық үзсіздікпен еске алынды.
Ардагерлер облыс әкімі Серік Біләловтің қатысуымен департамент ғимараты алдындағы алаңға көшеттер отырғызды. 1943 жылы соғысқа кіріп, қырғынның ішінен оралған Алексей Плешаков үшін бейбіт елдің әр таңы қымбат.

 

 

Алексей Плешаков, ҰОС ардагері:

-Біздің жастарымызға ескерткіш болсын. Біздің ұрпағымыз көріп, жеңісті әперген ардагерлерді еске алып жүрер.

Солтүстікқазақстандық әріптестерін құттықтауға Ұлы Отан соғысының ардагері, құрмет демалысындағы генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбеков келіпті.

  Әбдіқадыр Болсамбеков, ҰОС ардагері:

-1942 жылы соғысқа алындым. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатыстым. Одан кейін Жапон соғысына кеттім.Елге тек 1947 жылы келдім.

Бұдан кейін ардагерлер қауымын Ұлы Жеңіс мерекесімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

– Бүгінгі күні арамызда жүрген ардгерлерге ұдайы қамқорлық көрсету – біздің парызымыз Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымды қабыл алыңыздар.

Облыс әкімі ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеевке жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. Ал облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрымханов әр ардагерге арнайы сыйлықтар әзірленгенін жеткізді. Осы күні белсенді еңбегімен көзге түскен бірқатар полицейдің мерзімінен бұрын шендері өсірілді. Алғыс хатқа ие болғандар да бар. Бұдан кейін жиналғандар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатысуымен түсірілген деректі фильмді тамашалады.

Әсем Рахметова