Мәдениет

Михаил Булгаков туындылары мектеп сахнасында

 

 

 

 

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жыл сайын ақпан мен маусым айлары аралығында “Орыс мәдениетінің маусымын” өткізеді. Және соның аясында көптеген мәдени, қоғамдық шаралар ұйымдастырады. Солардың бірі – театрландырылған  көріністер осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде қойылып жүр.

  Виктор Сайко, орыс қауымдастығының төрағасы:
– “Орыс маусымы” көбіне бір белгілі оқиғаларға арналады. Мәселен, мұның алдында біз Абылайхан мен Ломоносовтың 300 жылдық мерейтойына біраз шара ұйымдастырған едік. Осы жолғы театрландырылған көрініс еліміздің тәуелсіздігіне және белгілі жазушы Булгаковқа арналған.

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей шәкірттері  орыс қауымдастығымен көп жылдар бойы қоян-қолтық араласып келеді. Өткен жылы оқушылар Чеховтың, оның алдында Гогольдың туындыларын сахналаған. Енді Булгаковтың 120 жылдығын да ерекше мерекелеуде.

  Любовь Строкина,  № 1 қалалық жалпы білім беретін лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:

-Кеше Булгакотың туған күні өтті. Сондықтан біз оның шығармаларын еске алу мақсатында бүгінгі қойылымдарды сахналадық.

Оқушылар қойылымға ерекше мән берген. Олардың айтуынша, кез келген еңбекті оқып танысу жеткіліксіз. Оның мазмұнын  есте сақтап қалу үшін ең оңтайлы әдіс – туындыны сахнаға шығару.

  Галина Ермоленко, № 1 қалалық жалпы білім беретін лицей оқушысы:
-Театрлық көріністерді қою дегеніміз ішкі жан дүниеңді байыту деген сөз. Осылайша біз автордың еңбектерімен тереңірек танысамыз.

  Роман Назаренко, № 1 қалалық жалпы білім беретін лицей оқушысы:
– Біз “Иван Васильевич” әңгімесін сахналаймыз. Көп дайындалдық. Сөздерімізді жатқа білеміз. Дегенмен, бойымызда бір қобалжу да бар.

Қатарластарының өнерін тамашалаған өзге мектеп оқушылары мерекелік шарадан жақсы көңіл-күймен тарасты.

Гүлден Сәрсенбаева