Үнді өнімдерінің көрмесі

Аптадағы маңызды жаңалықтар

15:02 3 Мамыр 2011

Өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әйгілі ел көрмесіне Петропавл халқы аса үлкен қызығушылық танытты. Әсіресе, мақта- матадан тігілген көйлектер, асыл әшекей заттар қыз-келіншектерді елең еткізбей қоймады. Жастар жағы   асыл тастары бар сырға-сақина сатылатын жерге қарай ағылса, ақ жаулықты әжелеріміз әдемі орамал олжалап қалуға асықты. Ал отбасылы азаматтар  үй жиһаздарымен танысып жатты. Айту керек, көрмеге қойылған әр заттың жасалу үлгісі мен әдісі әр түрлі. Көбі қолдан жасалған. Мәселен, мына жамылғы сондай еңбектің нәтижесі. Бір-біреуі кем дегенде үш ай тігіледі екен.

 Арвинд Рай, сатушы:
-Жамылғылардың барлығы таза мақтадан тұрады.
Олар қолдан тігілген. Себебі мына қиын кестелерді машинамен жасау мүмкін емес.
Оны тек өнерлі саусақ қана жасай алады.

Өздеріңіз байқағаныңыздай, көрмедегі кез-келген затта піл суреті бейнеленген. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі, үндістер бұл жануарды бақыттың нышаны санайды. Тағы бір таң қалдырғаны, сатушылардың айтуынша, тауарлардың барлығы табиғи таза бояумен боялған. Нақтырақ айтсақ, көкөніс пен жеміс сөлімен безендірілген. Ондай бояу өңіп кетпейтін көрінеді. Әрі зияны да жоқ. Жергілікті тұтынушылар болса сапалы маталарға дән риза.

Тұрғындар:
-Мен өзіме және шешеме орамал алып жатырмын. Көрме жақсы екен.
-Тауарлар көп. Таңдауға болады.
-Мен жүзік пен орамал алып жатырмын. Үндістаннан естелік қалсын деп.

Үнді қыздарына еліктеген бойжеткендер қолдарына қына бояуымен ою-өрнектер салғызды. Басқалары маңдайға жапсыратын әшекей бұйымдар таңдады.
Қазақстанда шай аса үлкен сұранысқа ие сусын екені белгілі. Көрмеге қойылған жұпар иісті үнді шайы   мұрынды жарып, еліктірмей қоймады. Петропавлдықтар еш қоспасыз таза өнімді тез арада-ақ бөліп алды. Осындай ірі шараны ұйымдастырушылар мақсатымыз Қазақстан мен Үндістан арасында экономикалық және мәдени байланыс орнату дейді. Мұның алдында көрме Қостанай қаласында өткен.

 Хариш Кумар, көрмені ұйымдастырушы:
– Мен Петропавлға бірінші рет келіп тұрмын. Қалаларыңыз өте ұнады. Халқы қонақжай. Алдағы 10 күнде 15 шеберлік сыныбын өткізу жоспарда бар. Біз Қазақстанмен достық қарым-қатынас орнатып, әрі қарай осындай жұмыстар атқарғымыз келеді.

Бұл бастаманы өңіріміздің кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының қызметкерлері де қолдап отыр.

 Тотыкамал Құлжанова,  облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасының бастығы:
– Меніңше Үнді халқының ұлттық бұйымдарын көрмеден тамашалап көргендер, олардың өмірімен де жақынырақ танысады. Бүгін петропавлдықтар шайдан бастап, жиһазға дейін көре алады.

Үнді мәдениетінен сыр шертетін естелік заттардан қалыс қалғыңыз келмесе көрме есігі әлі он күнге дейін ашық болады.

Гүлден Сәрсенбаева


Бұдан әрі оқыңыз

Облыс әкімі Тайынша ауданының тұрғындарын қабылдады
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайту керек
Тұрғындардан мекенжай анықтамасы талап етілмейтін болады
Университеттің статусы өзгерді
Арнайы репортаж
Емдеу мекемелері біріктірілуде
СҚО-да әлеуметтік нан қымбаттамайды
Облыстық әкімдіктің отырысы өтті
Түлектерді жұмыспен қамту сылбыр жүргізілуде
Көлік салығына қатысты сұрақтар талқыланды
Жамбыл ауданында атқарылған шаруалар
Омбыда өткен ынтымақтастық форумының нәтижелері