Мәдениет

«Кәнеки, тілім, сөйлеші!»

 

Аманжол Зағыпар – қазақтың сөз өнерінің қадірін түсінетін жастың бірі. Республикалық шешендік өнер байқауында ол кезекті рет шешендігін танытып қайтты. Байқау тапсырмаларының жүгі жеңіл болмаған көрінеді. Мәселен, екінші кезеңде үміткерлерге шешендік сөздердің, мақал-мәтелдердің астарын ашып, мән-мағынасын түсіндіру талабы қойылған.

  Аманжол Зағыпар, М.Жұмабаев атындағы колледж оқытушысы:
– Күнделікті айтыла беретін мақал емес, яғни көнеріп кеткен, естілмей жүрген мақалдың астарын ашу қажет болды. Маған – «Жұрт бойдақтықта қалады, жүз тайлақтықта қалады.» деген мақал келді. Ешкім білмеді. Өз білуімше айттым. Көптеген ортада жүрміз, қариялардың сөзін естіп жүрміз. Бірақ дәл осы мақалды естімедім.  

Сонымен қатар байқауға қатысушылар би-шешендердің сөздерінен үзінді оқыған. Ал төртінші кезеңде осы заманғы проблемалық тақырыптар бойынша сөз таластырып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі даулы мәселелерді шешуге тырысқан.

  Аманжол Зағыпар, М.Жұмабаев атындағы колледж оқытушысы:
-Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сайыскерлердің сөйлеу мәнері, сөйлеу ерекшелігі, сөйлеу шеберлігі және жер-жердің тарихына байланысты шешендері, билері, айтылып кеткен толғаулар – осының бәрін ой елегінен өткізіп қайттық, жүрегімізге жеткізіп қазақ ауыз әдебиеті тұрғысынан рухани азық жинап қайттым.  

Кестелі сөз, келелі ой, тапқыр шешімдерімен ерек­шеленген Аманжол байқаудан үшінші орынды еншілеп қайтты. Тілдерді дамыту басқармасының мамандары осы жеңісімен құттықтап, оған «Алаштың ардағы» және «Алаштың тілдік мұрасы» кітаптарын тарту етті.  Айту керек, «Қанеки, тілім, сөйлеші» шешендік өнер байқауы екінші жыл өткізіліп отыр. Өткен жылы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының әртісі Болат Мамытбеков бас жүлдені жеңіп алған болатын .

Айымгүл Әбілева