Денсаулық сақтау

Иммунизация шарасы

Самал Самаева иммунизация шарасы туралы естіген бетте-ақ 2 жасар қызын емханаға ертіп әкелген. Бүгінде қоғамды жайлаған дерттерден ешкім де сақталмаған. Сондықтан қауіпті инфекцияға қарсы 2 тамшыдан соң ананың жүрегі жай тапты.

 Самал Самаева:
– Осы полиомиелит егуінің пайдасы зор екендігіне мен сенімдімін. Сондықтан баламды осы егуге алып келдім.

Қалалық балалар емханасында түске дейін алпыстан астам бүлдіршінге ем қойылды. Иммунизация уақытында мұнда қосымша 2 топ жұмыс істейтін болады.

Татьяна Гофман, қалалық балалар емханасының учаскелік фельдшері:
– Біздің бригада таңертеңнен 28 баланы қабылдады. Ата-аналар полиомиелиттің алдын алу шараларына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Сондықтан да барлық жұмысты уақылы аяқтаймыз деген ойдамын.

Иммунизация мамырдың 7-сіне дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында облысымыздағы 6 жасқа дейінгі балалардың барлығына алдын алу дәрмегі берілуі тиіс. Ол үшін өңірімізге Бельгияда жасалған  препараттардың 54 мың 600 дозасы жеткізіліпті. Мамандар дәрінің балаға берер кері әсері жоқ екендігін айтып отыр. Тек кей жағдайда препаратты қабылдауды кейінге шегеру қажет.

Юрий Пузиков, СҚО СЭҚД бастығының орынбасары:
-Гормонды дәрі-дәрмекті қабылдап жатқан және онкологиялық дертке шалдыққан балалар толық емделуі тиіс. Иммунизация аясындағы препараттарды кейін қабылдайды.

Жұқпалы аурулардың алдын алу шарасының барлық талаптарға сай жүзеге асуын қадағалау үшін арнайы комиссия құрылды.

Ойынкүл Ізбанова, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының инспекторы:
– Вакциналар қалай, қайда сақталынып тұр, тасымалдау кезінде  қажетті суық жағдай жасалды ма,   егу пунктінде медицина қызметкерлері вакцинаны қалай жасайды? Дұрыс жасала ма, солардың барлығы тексеріледі.

Мамырдың 3-7 аралығында республика бойынша 1 млн 900 мың бала полиомиелитке қарсы ем алуы тиіс.

Айдана Демесінова