Бағдарлама әне-міне қабылданады дегенді естіген пәтер иелері кооперативтері төрағаларынан тыныштық кеткен. Көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізуге кооперативтің шамасы келмейді. Енді міне Үкіметтен бұрын-соңды болмаған қолдау жасалғалы отыр. Қайтсе де бағдарлама мүмкіндіктерін пайдаланып қалу керек. Әрі есетпеулерге сенсек, күрделі жөндеудің арқасында энергия шығынын да біршама азайтуға болады.
Хасип Синюкаев, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
-Егер үйлерді қаптау, шатырларын жөндеу жұмыстарын жүргізсе, жылу шығыны да азаяды. Біз қаламағанмен, тариф өседі. Сондықтан үйлерді жылы ұстау арқылы энергия шығынын азайту керек.
Облыс орталығында 1035 көпқабатты үй бар. Оларда 800-ге тарта пәтер иелері кооперативі құрылған. Бірақ әділет орындарында тіркелгені 20 пайызы ғана. Ал тұрғын үй-коммуналдық саланы модернизациялау бағдарламасы бойынша пәтер иелері кооперативі заңды түрде тіркелген болуы қажет, кондоминимумы бекітілуі тиіс. Банктен есепшот ашу да міндетті талаптардың бірі.
Хасип Синюкаев, облыстық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
-Бұдан кейін құжаттарыңызды арнайы ұйымға әкеліп, мердігерді таңдайсыздар. Мемлекеттік ұйым мердігерге 30 пайыздық алдын-ала төлем жасайды. Осыдан кейін жұмыс басталады. Ал бұл қаржыны тұрғындар қайтарады.
Кездесуге қатысушылар күрделі жөндеу үшін төлемдердің көлемін де есептеп көрді. Мәселен 11 миллион теңгенің шығынын қажет ететін шатыр үшін 50 шаршы метрлік пәтер иесі ай сайын 2,5 мың теңге көлемінде төлеуі керек. Әрине, шығын. Бірақ тұрғындар үйлерін өздері жөндеуге үйренуі тиіс. Кооперативтер төрағалары үшін үлкен жұмыс атқару керек. Бағдарлама бойынша тұрғындардың үштен екі бөлігі келісім берген кооперативтер ғана жұмысқа қаржы алады. Несиенің кейін қайтарылуын қамтамасыз ететін де осы кооперативтер. Жауапкершілікті сезінген төрағалардың әр кезеңді тиянақтай сұрауы да сондықтан.
– Біз несие рәсімдейді екенбіз, пәтер иелері кооперативінің төрағасы ретінде мен бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Ал қаржыны қайтарар кезде сұрау менен болмай ма. Біз бүгінде ағымдағы шығындар үшін төлемді де жинай алмай отырмыз.
– Біз пәтер иелері кооперативін құрып жатырмыз. Оның төрағасына, бухгалтеріне, сантехнигіне жалақы төлеу керек. Ал біздің үйден жиналатын 40 мың теңге кімге жұғын болады. Осының өзінде аздап жөндеу жүргізіп жатырмыз. Бұндай күрделі жөндеуді біз көтере алмаймыз.
Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Үкіметте бағдарламаның бірінші жылында төлемдерді қайтармау да ұсынылып отыр. Бірақ тұрғындардан бұл қаржыны жинауды бірден бастау керек деп ойлаймын. Жоба -сметалық құжаттар әзірлеу , өзге де шығындар үшін қаржы керек.
Бағдарлама бойынша облысқа шамамен 1 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Ал күрделі жөндеуді қажет ететін үйлердің қатары қалың Сондықтан үкімет қолдауын құжаттарын уақытылы жинаған кооперативтер алады. Петропавлдықтардың бұл істі тиісті деңгейде жүргізетіндігіне қала басшысы сеніп отыр.
Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Тұрғындармен бірге өткіземіз деп ойлаймын.
Әсем Рахметова