Денсаулық сақтау

Балалардың қауіпсіздігі – маңызды міндет

 

 

 

Вероника Якименко, Ақжар ауданы, Горьков селосының тұрғыны:
– Мен әткеншек теуіп отырып, жерге секірдім. Сол кезде темір аяғымды соқты. Отырған жерімнен тұра алмадым. Анамды күтуге тура келді. Ұрып алған жерім қатты сыздап ауырды.

8 жасар Вероника оң жақ аяғының жіліншігін сындырып алған. Бұл көктем басталғалы бірінші жағдай емес. Травматология мен ортопедия бөлімшесінде дене зақымын алған тағы екі бала бар. Біреуі сырғанақтан құласа, екіншісі ыстық суға күйіп қалған.

Асылхан Жағыпаров, облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері, ортопед :
-Травматизм әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Балалар көбіне бас, аяқ, қол, кеуде жарақаттарымен келіп түседі. Бұндай жағдайлар әсіресе жаз айларында көп .

Көзді ашып жұмғанша жазғы демалыс та келіп қалды. Сондықтан әткеншектер, гараждар мен дуалдар балалардың жиі ойын құратын жеріне айналмақ.  Дәл осы кезде аяқ-қолын сындырып жазғы демалысын аурухана төсегінде өткізетіндер қатары да қалыңдайды. Сондай-ақ, жолды кесіп өтемін деп мертігіп қалатындар бар.

 Әсия Абжанова, қалалық ІІБ ЖПБ аға инспекторы:
– Петропавлда балалардың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Дегенмен, бұл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда аз. Біз 1 – 8 сынып оқушыларын жол қауіпсіздігін сақтауға үйретіп, ашық сабақтар өткіземіз.

 
Дәрігерлер мен жол полициясының қызметкерлері осы мәселеге ата-аналардың көңіл аударуын сұрайды. Себебі балалардың амандығы алдымен әке-шешенің қолында.

Гүлден Сәрсенбаева